Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова өзінің де несие алып жүргенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Мәжіліс кулуарында журналистер оның жеке несиесі бар-жоғын сұраған.
«Менің несиелерім бар. Тұтынушы ретінде мен де банк қызметтерін пайдаланамын. Қызметті көбіне банктердің мобильді қосымшалары арқылы аламын», – деді агенттік төрағасы.
Оның айтуынша, елдегі банктердің цифрландыру деңгейі жоғары.
«Менің ойымша, банктердегі цифрландыру деңгейі өте жоғары. Қарапайым тұтынушы ретінде олардың қызметіне көңілім толады», – деді ол.
Сондай-ақ Мәдина Әбілқасымова несиені бірнеше рет алғанын және қарыздан толық құтылғанша өзін жайсыз сезінетінін жасырмады.
«Бірнеше рет несие алдым. Оларды толық жаппайынша көңілім жай таппайды», – деп атап өтті ол.
Төраға өзін жауапты қарыз алушы ретінде ұстайтынын да жеткізді.
«Мен әрқашан жақсы қарыз алушы болуға тырысамын. Міндеттемелерімді уақытында орындау мен үшін маңызды», – деді ол.
Айта кетейік, бұл мәлімдеме елде тұтынушылық несиелеуді шектеуге бағытталған реформалар аясында жасалып отыр. Сарапшылардың пікірінше, реттеуші басшысының жеке тәжірибесі қарыз жүктемесі мәселесін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.