Танымал әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева басынан өткен қиындықтарын айтып, үйін сатуға және жүз миллион көлемінде қарыз алуға мәжбүр болғанын жеткізді, деп Malim.kz тілшісі өнер иесінің Instagram парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әншінің сөзінше, соңғы бір жыл өзі үшін ауыр өткен. Ол қаржылық тығырыққа тіреліп, баспанасыз қала жаздағанын жасырмады.
"Үйді де саттым, жүз миллионға қарызға да кірдім. Кәдімгідей тентіреп кете жаздадық қой. Атыңа затың сай, абыроймен жүргеннің өзінде тығырыққа бір-ақ түстім", – деді Айгүл Иманбаева.
Өнер иесі осы кезеңде өзі жүрген жерлерден түрлі күмәнді заттар табылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай жағдай кафесінде де, мектебінде де қайталанған. Әнші мұны сиқырмен байланыстырып, бұрын өзі мұндай әңгімелерге сенбегенін айтты.
"Бір жыл болды алысып келе жатырмыз. Не таппадық біз: қуыршақ, сурет, ине, жіп дейсіз бе... Бұрын тырқылдап күлетін едім, әзілге айналдырып, "Ондай жоқ, XXI ғасыр" деп айтатын адам мен едім. Асқақ сөйлеген екенмін. Бір жыл бойы менің кафемнен де, мектебімнен де, отырған-тұрған жерімнің барлығынан табылып келді ғой", – деді ол.
Айгүл Иманбаева енді бұл тақырыпқа нүкте қоюды ұйғарғанын жеткізді. Жариялаған жазбасында әнші қиындықты өмірлік сабақ ретінде қабылдауға тырысатынын айтып, оқырмандарына да ой салды.
"Әр сынақ жаза емес. Көбіміз қиындық келгенде: "Неге мен? Неге бұлай?" деп сұрақ қоямыз. Бірақ барлық сынақ бізге қарсы емес, біз үшін беріледі", – деп жазды өнер иесі.
Сондай-ақ әнші жамандық ойлаған адамдарды кінәлаудан аулақ болуға шақырған.
"Жүрегіңізді таза ұстаңыз, өміріңізге алғыспен қараңыз. Осымен бұл тақырыпты жабайық", – деп түйіндеді ол.
Айгүл Иманбаева кім?
Айгүл Серікқұлқызы Иманбаева – қазақ эстрадасының әншісі, театр және кино актрисасы, тележүргізуші. Ол 1977 жылы 15 наурызда Жамбыл облысы Қордай ауданының Кенен ауылында дүниеге келген. Өнерге бала кезінен қызығып, музыка мектебінде баян аспабында ойнауды үйренген.
1994–1998 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында білім алған. Оқуын аяқтағаннан кейін Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде ұстаздық еткен. Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында жұмыс істеп, "Қыз Жібек", "Алма бағы", "Көгілдір такси" секілді қойылымдарда түрлі кейіпкерді сомдаған.
Көпшілікке "Ұят болмасын" бағдарламасындағы келін бейнесі арқылы кеңінен танылды. Әншілік пен актерлікті қатар алып жүрген өнер иесі "Ғашық жүрек" фильмінде Майра Итаяқованың рөлін ойнады. Оның репертуарында "Таңғы елес", "Махаббат мұңы", "Мен ғашық өмір" секілді әндер бар.
2006 жылы "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. 2007 жылы "Таңғы елес" атты алғашқы жеке шығармашылық кешін өткізді. Кейін жеке "А.И." драма театрын ашты.