Malim.kz
Саясат

"Қылтима", "себезгі", "жеделсаты": Тоқаев кейбір аудармалардың қажеттілігіне күмән келтірді

• Алуа Әшірбекова
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тіліндегі бірқатар аудармаға қатысты пікір білдіріп, тіл мәселелерімен айналысатын арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды, деп хабарлайды Malim.kz.

Президент қазақ тілінде кейінгі жылдары орнығып, күнделікті қолданысқа енген сөздер аз емес екенін айтты.

"Бірақ жалпы тіліміз басқа іргелес елдердің тілдерімен салыстырғанда әлдеқайда таза деп айтсақ, дұрыс болар.

Мысалы, бұрын өте сирек пайдаланған немесе мүлде пайдаланбаған «тұжырымдама, қағидат, жоспар, сыйақы, шәкіртақы, еңбек өтілі, кешенді, әмбебап, жүйелі, тыңайтқыш, жанармай, көгалдандыру, босқын, қырғи-қабақ соғыс, қоқан-лоқы, лаңкестік, есірткі, бітімгерлік күштер, мәмілегер, ғарыш, зымыран, жаһан, ғаламтор, тікұшақ, жасанды сана, пайыз, сынып» сияқты сөздер тілімізде кең қолданыс тапты. Бұл – жақсы дүние".

Сонымен бірге Мемлекет басшысы кейбір баламалардың қажеттілігіне күмән келтірді. Дінге қатысты сөздерді қолданудағы үрдіске де назар аударды.

"Бірақ әр жақсы құбылыстың шегі болуы керек. Мысалы, «күйсандық (пианино), қылтима (балкон), субұрқақ (фонтан), себезгі (душ), қырыққабат (капуста), үнқағаз (газет), жеделсаты (лифт), желкөз (форточка)» және тағы басқа жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай сияқты.

Соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнын араб сөздерін жиі қолдану сән болып кетті. Мұның да қажеттілігіне күмән бар".

Тоқаев бұл мәселелерге кәсіби мамандардың бағасы қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ тіл ғылымына арналған ортақ цифрлық жүйе әзірлеу міндетін көтерді.

"Жалпы, осының бәрі – өте өзекті мәселелер, сондықтан кәсіби ғалымдар өздерінің салмақты пікірлерін ортаға салуы қажет.

Тіл ғылымына қатысты әмбебап, бәріне қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеу маңызды.

Бұл міндетті мемлекеттік деңгейде сапалы орындау үшін құрамына кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен жалпы қоғам өкілдері кіретін арнайы жұмыс тобын құрған жөн деп санаймын. Жұмыс тобының қызметін үйлестіру Президент Әкімшілігіне жүктеледі".

"Әр сөзіне мұқият қарап, әр бабына ерекше назар аудардым"

Президент Конституция мәтінін әзірлеуге өзі де қатысқанын айтты. Оның сөзінше, құжатта "Тәуелсіздік" пен "Егемендік" сөздерін бас әріппен жазудың өзіндік мәні бар.

"Конституция мәтінін жазуға өзім де тікелей атсалыстым. Әр сөзіне мұқият қарап, әр бабына ерекше назар аудардым. Мен үшін бұл – ең алдымен азаматтық парыз.

Мәселен, Конституцияда біз халқымыз үшін киелі «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздерін бас әріппен жазатын болдық. Мұның терең мәні бар.

Біз осылайша әрбір ұғым-түсінікке үлкен жауапкершілікпен қарап, тұтас қоғам санасына, әсіресе, өскелең ұрпақтың бойына елдік қасиеттерді сіңіреміз".

Мемлекет басшысы құжатты дайындауға заңгерлермен бірге тіл мамандары да атсалысқанын атап, мұны қазақ тілінің мүмкіндігін көрсететін жұмыс деп бағалады.

"Жалпы, Конституция халқымыздың дүниетанымына және озық заңнама талаптарына сай жазылды. Қазақстанның Конституциясы кәсіби тұрғыдан өте сапалы дайындалған құжат деп күмәнсіз айтуға болады.

Осы ауқымды жұмысқа білікті заңгерлермен қатар, филология саласының тәжірибелі ғалымдары мен қазақ тілі мамандары да белсене қатысты.

Мұның бәрі қазіргі қазақ тілінің әлеуеті мен күш-қуатының айқын көрінісі екені сөзсіз".

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары