Malim.kz
Экономика

Қымбатшылық: қазақстандықтардың 75%-ы ақша үнемдеуге көшкен

Айбын Атабай
Фото: ашық дереккөз

Қазақстандықтар соңғы уақытта шығынын қысқартып, қажетсіз сатып алуларды кейінге қалдыра бастаған. Ақшасы жеткілікті болса да, көпшілік қазір үнемдеп, қолайлы сәтті күткенді жөн көреді. Мұны ZimaBlue компаниясының зерттеуі де көрсетіп отыр. Сауалнамаға қатысқандардың 75,4%-ы қазіргі жағдайда ақша үнемдеп, уақытша күте тұрған дұрыс деп санайды екен, деп хабарлайды Malim.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Сонымен қатар, сауалнамаға қатысушылардың 29,7%-ы қаржы жағдайының нақты нашарлағанын айтқан. Алайда үнемдеу тек табысы азайған адамдарға тән емес. Қаржы жағдайы жақсарады деп күтетіндердің өзінде де үнемдеу әдеті қалыптасқан: олардың 63,9%-ы табысы артса да, ақша үнемдеуді жалғастырмақ.

Зерттеу нәтижесін ZimaBlue директоры әрі ELDEE коммуникация агенттігінің негізін қалаушылардың бірі Фарангиза Шукашева SHANYRAQ бизнес-форумында таныстырды. Зерттеуге 2 432 адам қатысқан. 

Қазақстандықтар неден үнемдейді?

Ел тұрғындары міндетті емес шығындар мен көңіл көтеруге жұмсалатын шығынды қысқартқан. Кейбірі арзанырақ баламаларды іздесе, енді бірі бұл шығындардан толықтай бас тартқан:

56,3% кафе, мейрамханаға бару және тамаққа тапсырыс беруге жұмсалатын ақшаны үнемдейді;

50,8% саяхат пен демалысқа бөлетін бюджетін қысқартқан. Оның ішінде 41,8%-ы саяхаттан толықтай бас тартқан;

50,6% киноға, концертке баруды және басқа да көңіл көтеру шығындарын азайтқан;

39,7% тұрмыстық техникаға, ал 38,1% киімге жұмсалатын шығынды қысқартқан.

Зерттеуге қатысқандардың тек 3,4%-ы ешнәрседен үнемдемейтінін айтқан. 

Кей тұтынушылар шығынды азайтып қана қоймай, кей нәрселерге ақша жұмсауды мүлде тоқтатқан. Мысалы, саяхат пен демалысқа жұмсалатын қаржыны қысқартқандардың 41,8%-ы сапарға шығудан мүлде бас тартқан. Спорт пен фитнеске шығынды азайтқандардың 41,2%-ы жаттығуға баруды доғарған. Ал көңіл көтеруге жұмсалатын ақшаны қысқартқандардың 36,2%-ы бұл шығын түріне ақша бөлмейді.

Қазақстандықтар жеңілдікті күтуге дайын

Ақша үнемдеудің негізгі тәсілдерінің бірі – жеңілдіктер мен акцияларды пайдалану. Сауалнамаға қатысқандардың 61,2%-ы акцияларды пайдаланады. Ал 87,8%-ы үшін сатып алатын жерді таңдағанда жеңілдіктің болуы маңызды.

Оның үстіне қазақстандықтардың 50,3%-ы өзіне ұнаған тауарды бірден сатып алмай, акцияны күтуге дайын. Шукашеваның айтуынша, мұндай әрекет міндетті түрде ақшаның жоқ екенін білдірмейді.

“Жеңілдікті күту – қазақстандықтар үшін кішкене жеңіске жеткендей сезім сыйлайды”, – деді сарапшы.

Сатып алушы үшін тауарды жай ғана сатып алу емес, ақшасын тиімді жұмсағанына көз жеткізу және ең тиімді ұсынысты тапқаны маңызды бола бастаған.

Қазақстандықтар не үшін артық ақша төлеуге дайын?

Үнемдеуге тырысқанымен, тұтынушылар әрдайым ең арзан тауарды таңдай бермейді. Сауалнамаға қатысушылардың 44%-ы тауар бағасы 10%-дан артық қымбаттаса да сатып алуға дайын. Ал 20,1%-ы баға сәл ғана көтерілсе, балама тауар іздей бастайды.

Соған қарамастан, қазақстандықтар кейбір тауарлар үшін көбірек ақша төлеуге дайын. Респонденттердің 78,1%-ы тауар ұзақ уақыт қызмет етсе, 77,4%-ы оның құрамы сапалы әрі қауіпсіз болса, ал 62,3%-ы төлем жасау ыңғайлы және бөліп төлеу мүмкіндігі болса, қымбатырақ бағаға сатып алатынын айтқан.  Демек, сатып алушылар үшін тауардың бағасы ғана емес, ақшаны нақты не үшін төлеп жатқаны да маңызды.

Брендтің танымалдығынан гөрі пікірлер маңызды

Тауардың бағасы бірдей болған жағдайда тұтынушылардың 43,6%-ы басқа сатып алушылардың пікірлеріне мән береді. 41,2%-ы үшін төлем жасаудың ыңғайлы болуы және бөліп төлеу, ал 34,4%-ы үшін тауарды қайтару мүмкіндігі маңызды.

Брендтің танымалдығын сауалнамаға қатысқандардың 22,2%-ы ескереді. ал Блогерлердің ұсыныстарына сенетіндер небәрі 1,8% болған.

Сонымен қатар сатып алушылар тауарды алар алдында теріс пікірлерді жиі оқиды. Осы арқылы компания клиенттердің мәселесін қалай шешетінін анықтағысы келеді.

Сатып алушылар ірі сауда желілеріне көбірек сенеді

Егер тауардың өзі де, бағасы да бірдей болса, респонденттердің 47,9%-ы ірі сауда желісін таңдайды. Ал шағын бизнестен сатып алуды 28,3%-ы жөн көреді.

Шағын кәсіпкерлер үшін басты кедергі – сенім мәселесі. Сатып алушылардың 54,1%-ы олардың өнімдерінің сапасына күмәнданады. Ал 47,8%-ы кепілдік пен тауарды қайтару мүмкіндігі бар-жоғына алаңдайды.

Ал әлеуметтік желідегі парақшасының дұрыс безендірілмеуін мәселе деп санайтындар небәрі 15,2% болған.

Сатып алушылар тез жауап күтеді, бірақ өздері ұзақ ойланады

Сатушымен байланыс жылдамдығы да маңызды факторлардың біріне айналған. Қазақстандықтардың 42,2%-ы компанияның WhatsApp немесе Instagram желісіндегі хабарламаны жарты сағаттан артық күте алмайды. Ал 15,6%-ы жауапты ең көбі бес минут ішінде күтеді. Алайда сатып алушылар өздері шешім қабылдауға асықпайды.

Мысалы, бағасы шамамен 100 мың теңге болатын тауарды респонденттердің 39,1%-ы бірден сатып алмай, бірнеше күн ойланып барып алады. Сондықтан бизнес клиентті бірден сатып алуға мәжбүрлемей, бірнеше күннен кейін қайта хабарласқаны дұрыс. Сол кезде бөліп төлеу мүмкіндігін ұсынып немесе клиенттің қалған сұрақтарына жауап беруге болады.

Жалпы, зерттеу қазақстандықтардың ақша үнемдеуге дағдыланып келе жатқанын көрсеткен. Қолында ақшасы болса да, олар тауарды бірден сатып алмайды. Алдымен жеңілдіктерді қарап, бағаларды салыстырып, басқа сатып алушылардың пікірін оқиды. Содан кейін ғана ақшасын тиімді жұмсайтынына көз жеткізсе, сатып алуға шешім қабылдайды.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары