18 қазанда Бішкектегі "Bishkek Arena" стадионында колумбиялық әнші Шакираның Орталық Азиядағы алғашқы концерті өтті. Әлемдік жұлдызды көруге 33 елден жанкүйер жиналды. Олардың арасында қазақстандықтар да көп болды. Әнші қырғыз тілінде амандасып, әйгілі хиттерін орындады. Алайда концерттің айналасында билет бағасына қатысты дау да туындады, деп хабарлайды Malim.kz.
"Кутман кеч, Бишкек!"
Шакира Қырғызстанға Las Mujeres Ya No Lloran World Tour әлемдік турнесі аясында келді. Бұл атауды қазақша "Әйелдер енді жыламайды" деп аударуға болады.
Көрермендер әншіні сағат 19:00-де күткен. Оқиға орнынан тікелей репортаж жүргізген Kaktus.media мәліметінше, шоу шамамен 19:40-та басталған. Алдымен алып экрандарда бейнекөрініс көрсетіліп, кейін Шакира фан-аймақтағы көрермендердің арасымен сахнаға қарай өткен. Кештің алғашқы әні La Fuerte болды.
Әлемдік жұлдыздың жергілікті халыққа өз тілінде үн қатуы кештің ерекше сәттерінің біріне айналды.
"Кутман кеч, Бишкек! Кандайсыңар?" – деген әншіні көрермендер қошеметпен қарсы алған.
Концертте Hips Don’t Lie, Waka Waka және Whenever, Wherever секілді танымал композициялар орындалды. Кеш соңында әнші жылы қабылдаған жұртқа алғысын білдірді.
Тебетей киген Шакира және сахнадағы алып қасқыр
Концертке дейін-ақ әншінің дайындық сәттері әлеуметтік желіде тараған. Шакира өзінің Instagram парақшасында қырғыздың ұлттық бас киімі – тебетей киіп, шашын өрген бейнесін көрсеткен. Жергілікті пабликтер оның репетициясынан кадрлар жариялады.
Шоу шамамен бір жарым сағатқа созылған. Kaktus.media тілшілерінің есебінше, әнші кемінде 13 рет киім ауыстырған. Ол концерттің көп бөлігінде жалаңаяқ билеп, сахнадан көрермендерге қарай екі рет түскен. Экрандардан әншінің өмір жолына қатысты фото және бейнехроника көрсетілген.
She Wolf әні орындалған кезде сахнада алып қасқыр бейнесі пайда болған. Бұл көрініс те көрермендер түсірген видеолар арқылы желіде кең тарады. Жанкүйерлер әншімен бірге ән айтып, билеп, кештің үзінділерін бөліскен.
Қазақстаннан қанша адам барды?
Концертке барған қазақстандықтардың қорытынды саны ашық дереккөздерде нақты көрсетілмеген. Дегенмен билет сатылымының алғашқы нәтижелері Қазақстандағы жанкүйерлердің қызығушылығы жоғары болғанын көрсетеді.
1 қазанда, сатылым басталған алғашқы күні, 13 мыңнан астам билет алынған. Сол күнгі жалпы сатылымның 18,15%-ы Қазақстанға тиесілі болған. Ал шетелдік сатып алушылардың арасында қазақстандықтардың үлесі 80,01%-ға жеткен. Ресейдің үлесі шетелдік сатылымда 13,08%, Өзбекстандікі 3,8% болған.
Осы алғашқы күнгі көрсеткішті есепке алсақ, Қазақстаннан шамамен 2,4 мың билет сатып алынған деп бағалауға болады. Бұл – жарияланған сатылым көлемі мен пайыздық үлестен шығарылған жуық есеп. Ол концертке нақты барған адамдардың санын немесе бүкіл сатылымның қорытындысын білдірмейді.
17 қазанда жарияланған GovTicket мәліметінде де шетелдік сатып алушылар арасында Қазақстан көш бастаған. Одан кейін Ресей мен Өзбекстан тұрған. Ұйымдастырушылар бұл статистикаға тек GovTicket деректері кіргенін, өзге операторлар арқылы сатылған билеттер қамтылмағанын ескерткен.
Билет бағасы неге дау туғызды?
Концерт алдындағы негізгі дау жеңілдікпен сатылған билеттерге қатысты болды. 18 қазанда "Bishkek Arena" парақшасында 540 билетке 60%-ға дейін жеңілдік жарияланған. Санатына қарай олардың бағасы 12 мыңнан 20 мың қырғыз сомына дейін көрсетілген. Фан-аймаққа билеттерді бұрынғы 40 мың сомның орнына 20 мың сомға ұсынған.
Билетін ертерек әрі қымбатқа алған көрермендердің бір бөлігі бұған наразылық білдірген. Әлеуметтік желіде мұндай шешімнің әділдігіне қатысты сұрақтар қойылған. Кейін жеңілдік туралы жарияланым өшірілген.
Ұйымдастырушылардың түсіндіруінше, ресми билет бағасы төмендетілмеген. Жеңілдік серіктестер алдын ала сатып алған билеттерге ғана қатысты болған. Келісім бойынша сатылмай қалған билеттердің ақшасы қайтарылмайтындықтан, ұйымдастырушылар серіктестерге оларды өткізуге көмектескенін мәлімдеген.
Олар бұл қадамды көрермендерді алаяқтардан қорғау қажеттігімен де түсіндірген.
Концерттен кейінгі көлік мәселесі
Шоудың өзінен бөлек, стадионнан қайту барысы да назардан тыс қалмады. Kaktus.media репортажында концерттен кейін автобустарға міну кезінде ретсіздік болғаны жазылған. Бір бағыттағы көрермендер көлікке жылдам отырғанымен, шығыс жақтан шыққандардың бір бөлігі жаяу жүрген.
Басылым әйелдер дәретханасында кезек пен тазалық мәселесі туындағанын да хабарлады. Кейін автобустар келіп, көрермендер біртіндеп тараған.
30 миллион доллар табыс түсті ме?
Концертке дейін шоу Қырғызстанға шамамен 30 мың шетелдік турист тартып, экономикаға 30 миллион долларға жуық кіріс әкелуі мүмкін деген болжам айтылған. Алайда бұл сандарды концерттен кейін расталған нәтиже деп қабылдауға болмайды.
Kazinform мәліметінше, концерт өтетін күні Қырғызстанның Туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік агенттігінің басшысы Эдуард Кубатов билеттердің түгел сатылғанын мәлімдеген. Бірақ туристер саны мен экономикалық әсердің қорытынды есебі аталған жарияланымда келтірілмеген.
Шакира кім?
Шакира – колумбиялық әнші, ән авторы, биші және музыкалық продюсер. Толық аты-жөні – Шакира Исабель Мебарак Риполь. Ол 1977 жылғы 2 ақпанда Колумбияның Барранкилья қаласында дүниеге келген. Испан және ағылшын тілдеріндегі шығармаларымен халықаралық танымалдыққа жеткен.
Өнер иесі бірнеше "Грэмми" сыйлығының иегері. Музыкадан бөлек, балалардың білім алуына қолдау көрсетумен айналысады. UNICEF мәліметінше, ол ұйымның жұмысын 2003 жылдан бері қолдап келеді. Сондай-ақ Колумбиядағы балалардың білім алуына көмектесетін Pies Descalzos қорын құрған.