Malim.kz
Саясат

Қырғызстанда Камчыбек Ташиевтің ісі сотқа жолданды

Сабина Асқарқызы

Қырғызстанда Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Камчыбек Ташиевне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданып, «құпия» белгісімен қаралатын болды, деп хабарлайды Malim.kz.

Жергілікті басылымдардың мәліметінше, Қырғызстанның Бас прокуратурасы Камчыбек Ташиевке қатысты айыптау актісін бекіткен. Бұл туралы оның адвокаты Икрамидин Айткулов хабарлаған. Адвокаттың айтуынша, іс мәні бойынша қарау үшін Первомай аудандық сотына жолданған. Бұрынғы ҰҚМК басшысымен бірге тағы жеті адам айыпталушы ретінде өтіп жатыр.

Заңгер қылмыстық істің құпияланғанын атап өтті. Осыған байланысты сот отырыстары жабық режимде өтеді және тергеу мен сот материалдарын жариялауға тыйым салынған. Еске салайық, биыл ақпанда Камчыбек Ташиев ҰҚМК төрағасы қызметінен босатылған болатын. Ол өз қызметінен кететінін күтпегенін айтқан. Ал Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ташиевтің мемлекеттік қызметке қайта оралмайтынын мәлімдеген еді. 

Жақында Жогорку Кенеш депутаты Эльвира Сурабалдиева сұхбатында Камчыбек Ташиевтің мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетін ұйымдастырды деген күдікпен қызметінен босатылғанын айтқан.

Сәуір айының соңында Камчыбек Ташиевке ресми түрде екі бап бойынша айып тағылған. Бұған дейін бұл іске бұрынғы бас прокурор Курманкул Зулушев пен экс-спикер Нурланбек Тургунбек уулунің де қатысы бар екені хабарланған. Ташиев өз кезегінде қырғызстандықтарға үндеу жасап, наразылық шерулерінен бас тартуға шақырды.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары