Қырғызстанда Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті төрағасының бұрынғы тағы бір орынбасары ұсталды, деп хабарлайды Malim.kz Kaktus.media басылымына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, әскери прокуратура ҰҚМК төрағасының бұрынғы орынбасары Тимур Шабданбековті ұстаған. Одан бөлек, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ҰҚМК-ның тағы алты қызметкері қолға түсті.
Сондай-ақ Қырғызстанның күштік құрылымдарындағы дереккөздердің хабарлауынша, 13 сәуір күні Әскери прокуратура Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік агенттіктің (ГАУГИ) бұрынғы төраға орынбасары Бекзат Абдикахаровты, ҰҚМК-ның Нарын облысы бойынша басқарма басшысының бұрынғы орынбасарын және бірнеше бөлім басшыларын ұстаған. Олардың арасында кибералаяқтықпен күрес бөлімінің басшысы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы бөлімнің жетекшісі бар.
БАҚ-та сондай-ақ Red Petroleum жанармай құю станциялары желісінің бас директоры Ақылбек Маматовтың ұсталғаны туралы да хабарланды. Мәліметтерге сәйкес, оның отбасы ҰҚМК-ның бұрынғы басшысы Камчыбек Ташиевтің отбасымен байланысты. Маматовтың әкесі Қырғыз футбол одағында Ташиевтің орынбасары болған.
Еске салайық, 13 сәуірде ҰҚМК төрағасының орынбасары – Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру орталығының директоры қызметін атқарған Даниэль Рысалиевтің ұсталғаны белгілі болды. Ол «Сыбайлас жемқорлық» бабы бойынша күдікке ілінген. Осы іс бойынша Ыстықкөл облысындағы 6-басқарманың бұрынғы басшысы және ҰҚМК орталық аппаратының қазіргі қызметкері де ұсталды.
10 ақпанда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өзінің досы әрі серіктесі Камчыбек Ташиевті барлық қызметінен босатты. Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, «бұл шешімнің басты мақсаты – мемлекеттің бірлігін нығайту және қоғамдағы, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасындағы алауыздықтың алдын алу».
Бұл жағдай президентке мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы өтініштер жасалған тұста орын алған. Жапаровтың баспасөз хатшысының айтуынша, Ташиевтің жақын айналасындағы адамдар депутаттарға хабарласып, оларды «генералдың жағына өтуге» және «жаңа президенттік сайлауды бастауға» үгіттеген.
Өзінің бұрынғы серіктесімен арадағы келіспеушілік туралы айтқан Жапаров бұл мәселені трагедияға айналдырмауға шақырды.