Malim.kz
Саясат

Қырғызстандағы Президент сайлауы: Садыр Жапаров екінші мерзімге түсе ме?

Айгүл Таңатар
24.kg

Саясат сахнасында бүгінгі айтулы тақырыптың бірі Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың журналист Али Тоқтакуновқа берген сұхбаты болғалы тұр. Онда Қырғыз Республикасының Мемлекет басшысы 2027 жылғы президент сайлауына қатысатынын алғаш рет ашық мәлімдеді. Қырғыз елі - Қазақстанмен бауырлас ел. Осы ретте Malim.kz аталған жайтқа қатысты бірнеше сауалға жауап іздегенді жөн көрді.

Сайлау қашан өтеді?
Қырғызстанда келесі президент сайлауы 2027 жылғы 27 қаңтарда өтеді.
Бұл жерде маңызды бір жайт бар. Бұған дейін сайлау 2027 жылғы 24 қаңтарға жоспарланған еді. 2026 жылғы 17 ақпанда Қырғызстанның Конституциялық соты сайлаудың қаңтардың төртінші жексенбісінде, яғни 24 қаңтарда өтуі керегін түсіндірген.
Алайда кейін сайлау заңнамасына өзгеріс енгізілді. 2026 жылғы 24 маусымда Жогорку Кенеш конституциялық заңға түзетулер қабылдап, 29 шілдеде Садыр Жапаров оған қол қойды. Жаңа тәртіп бойынша президент сайлауы өкілеттік мерзім аяқталатын жылдың қаңтар айының төртінші сәрсенбісінде өткізіледі. Сондықтан сайлау күні 27 қаңтарға ауысты. Сайлау күні Қырғызстанда демалыс күні болады және қызметкерлерге жалақысы сақталады.

Жапаровтың екінші мерзімге түсуіне заң рұқсат ете ме?                                                                                                                                                                                                              Мәселе Қырғызстандағы конституциялық өзгерістерге байланысты. Садыр Жапаров 2021 жылғы 10 қаңтардағы мерзімінен бұрынғы президент сайлауында жеңіске жетіп, 28 қаңтарда қызметіне кірісті. Ол кезде елдің бұрынғы Конституциясы бойынша президент алты жылға сайланатын еді. 2021 жылы жаңа Конституция қабылданып, президенттік мерзім бес жылға белгіленді және бір тұлға президент болып екі мерзімнен артық сайлана алмайтын болды.
2026 жылғы 17 ақпанда Қырғызстан Конституциялық соты Жапаровтың қазіргі алты жылдық кезеңін бірінші президенттік мерзім деп таныды. Осылайша оған 2027 жылы екінші мерзімге түсуге құқықтық мүмкіндік бар екенін көрсетті.
Яғни Жапаровтың 2027 жылы қайта сайлауға түсуі Конституциядағы «екі мерзімнен артық емес» нормасына қайшы емес.

Жапаров кандидат ретінде тіркелді ме?
Бұған дейін Жапаровтың 2027 жылғы сайлауға қатысуы туралы болжамдар көп болған. Дегенмен ол 14 тамыздағы сұхбатта өзінің екінші мерзімге баруға ниетті екенін ашық айтты. Бұл - оның қайта сайлауға түсетіні туралы ең нақты жария мәлімдемелерінің бірі. Тіпті Жапаровтың бүгінгі мәлімдемесін оның екінші мерзімге қатысу ниетін алғаш рет ашық растауы ретінде бағаласақ, болады. Бірақ мұны әзірге ресми тіркелген кандидаттық деп атауға болмайды. Қырғызстан заңнамасы бойынша кандидат сайлау тағайындалғаннан кейін белгіленген рәсімдерден өтуі, кемінде 30 мың сайлаушының қолдауын жинауы және Орталық сайлау комиссиясының талаптарына сәйкес келуі керек.

Президенттікке кандидатқа қандай талап қойылады?
Қырғызстан Конституциясы бойынша президенттікке кандидат:
- Қырғызстан азаматы болуы;
- кемінде 35 жаста болуы;
- мемлекеттік тілді білуі;
- ел аумағында жиынтығында кемінде 15 жыл тұруы керек. Бұдан бөлек, кандидаттың басқа мемлекеттің азаматтығы болмауы талап етіледі.


Неліктен Жапаровтың бұл мәлімдемесі қазір маңызды?
Өйткені Қырғызстанның саяси өмірінде соңғы айларда айтарлықтай өзгерістер болды. Ең маңызды оқиға - Садыр Жапаров пен оның ұзақ жылдар бойғы саяси серігі, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиевтің арасындағы саяси ажырау. Ташиев 2026 жылғы ақпанда қызметінен босатылды. Кейін оның айналасындағы адамдардың әрекеті, президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы ұсыныстар және билік ішіндегі ықтимал қайшылықтар Қырғызстан саясатындағы өзекті мәселеге айналды.
Ал бүгінгі сұхбатында Жапаров мырза бұдан да қызық мәлімет айтты: ол бұрын 2027 жылы өзі сайлауға түспей, Қамшыбек Ташиевті президенттікке дайындау туралы жоспар болғанын жеткізді. Жапаровтың айтуынша, егер Ташиев дайын болса, өзі президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін саясаттан кетіп, Ташиевтің кандидатурасын қолдауды ойлаған. Бірақ кейін бұл жоспар өзгерген. Бұл мәлімдеме Қырғызстандағы қазіргі саяси конфигурацияны түсіну үшін маңызды.

Ташиев президенттікке түсе ме?
Осынау сұраққа тап басып нақты жауап беру қиын. Алайда Жапаров сұхбатынан ұққанымыз: Ташиевтің өзі де президент болуға қатысты бұрынғы жоспар, ниетін өзгерткен.
Сонымен бірге Ташиевтің саяси болашағының мәселесі әлі де маңызды. Ол ақпанда ҰҚМК басшысы қызметінен кеткеннен кейін билік жүйесінен толықтай жоғалып кеткен жоқ: оның аты саяси процестер мен сот ісіне байланысты аталып келеді. Сондықтан 2027 жылғы сайлаудың басты интригасының бірі: "Жапаровқа нақты бәсекелес кім болады?" деген сұрақ.

Айгүл Таңатар
Автордың басқа материалдары