Қыркүйек айының атауын «қыркүйек» немесе «қыргүйек» деп жазу мәселесі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова осыған қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Министрдің айтуынша, өзі бұл сөзді «қыркүйек» деп, яғни «к» әрпімен жазып үйренген. Себебі мектепте ұстаздары дәл осы нұсқаны қолданған.
Ал «қыргүйек» нұсқасын тіл саласын зерттеп жүрген ғалымдар мен зерттеушілер ұсынып отырғанын атап өтті. Сүлейменованың пікірінше, екі нұсқаның бірін қате деп біржақты айтуға болмайды.
Ол бұл мәселеге нақты ғылыми түсіндірмені тіл мамандары мен лингвист ғалымдар беруі керегін айтты. Сондай-ақ сөздің дұрыс жазылуына қатысты мұндай мәселе Оқу-ағарту министрлігінің құзыретіне жатпайтынын атап өтті.
Осылайша, министр өзі бұрыннан қалыптасқан «қыркүйек» нұсқасын қолданатынын жеткізгенімен, «қыргүйек» деп жазуды да қате деп есептемейтінін білдірді.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары кейбір оқулықтарда қыркүйек айының атауы «қыргүйек» деп жазыла бастағанына назар аударып, бұл мәселені қызу талқылаған еді.