Malim.kz
Оқиға

Қышқыл құйып, мәйітті чемоданға жасырған: Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты сұмдық жайттар айтылды

Арман Қайыпхан
Фото: instagram.com/podslushano.de

Германияда қаза тапқан қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның туыстары қылмыстық іс бойынша жаңа мәліметтерді жария етті, деп хабарлайды Malim.kz.

Марқұмның анасы Шолпан Батқалова YouTube-тегі «Осторожно: Собчак» арнасына берген сұхбатында қызының денесінде көптеген жарақат болғанын айтып, қылмыскерлер мәйіттің жеке басын анықтауды қиындатуға әрекет жасаған болуы мүмкін деген пікір білдірді.

Оның сөзінше, Айгүлдің басына қышқыл немесе химиялық зат құйылып, салдарынан шашы мен көздері қатты зақымданған. Сондай-ақ марқұмның бет-жүзін тану қиын болған, өйткені жұмсақ тіндеріне ауыр зақым келген.

«Оны аса қатыгездікпен өлтірген. Бәлкім, мәйітті бөлшектеуді көздеген болуы мүмкін. Басына және мойын тұсына ауыр жарақаттар салынған. Мұны көру өте қиын. Басына қышқыл немесе басқа химиялық зат құйылған сияқты, себебі шашы мен көздері қатты зақымданған», – деді Батқалова.

Туыстарының айтуынша, сараптама барысында әйелдің денесінен 30-дан астам жарақат анықталған. Айгүл Сайлыбаеваны туыстары тек ерекше белгілері арқылы таныған.

Марқұмның мүддесін қорғаушы адвокат Жанна Уразбахова қылмыс әйел күйеуімен бірге тұрған пәтерде жасалған деп есептейтіндерін айтты.

Оның сөзінше, тергеу материалдарында пәтерден тазартылған қан іздерінің табылғаны көрсетілген.

Адвокаттың пікірінше, іске Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі Александр Донцов пен оның анасы Наталья Донцованың қатысы болуы мүмкін. Қорғаушылар тарапы қылмыс жасалғаннан кейін күдіктілер іздерді жасыруға әрекет еткен деп санайды.

Айгүл Сайлыбаеваның ағасы Жанат Сайлыбаевтың айтуынша, оның мәйіті іздеу жұмыстары басталған күні өзеннен табылған. Кейін жүргізілген ДНҚ сараптамасы марқұмның жеке басын растаған.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың маусым айында Германияда Қазақстан азаматы Айгүл Сайлыбаеваның жоғалып кеткені туралы хабарланған болатын. Кейін оның мәйіті Бенсхайм қаласының маңынан табылды.

Германияның құқық қорғау органдары адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Германия Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, сот шешімімен Айгүл Сайлыбаеваның енесі Наталья Донцова күдікті деп танылып, оған халықаралық іздеу жарияланған.

Кейіннен Айгүл Сайлыбаеваны өлтіру ісі Ресейге берілетіні белгілі болды. БАҚ мәліметінше, қазіргі уақытта Наталья Донцова мен оның ұлы Александр Донцов Мәскеуде тұрады.

Марқұмның отбасы күдіктілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары