Қытайлық компаниялар 2026 жылдың алғашқы жартысында әлемдегі гуманоид роботтар жөнелтілімінің 97 пайыздан астамын қамтамасыз етті. Бұл туралы Bloomberg деректеріне сүйеніп Malim.kz хабарлады.
Есеп бойынша, қаңтар-маусым айларында әлемде шамамен 19 100 гуманоид робот жөнелтілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 5100 данамен салыстырғанда төрт еседей көп.
Қытайлық Agibot компаниясы 8400 роботпен әлемдік жөнелтілімнің шамамен 44 пайызын иеленіп, бірінші орынға шыққан. Unitree Robotics 5900 роботпен екінші орында тұр.
Тағы бір өзгеріс - гуманоид роботтардың өндірістік және коммерциялық мақсатта қолданылуы артып келеді. 2026 жылдың алғашқы жартысында мұндай салалар барлық жөнелтілімнің 70 пайыздан астамын құраған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш шамамен 50 пайыз болған.
Smart Analytics Global болжамы бойынша, 2026 жылдың соңына дейін әлемде 60 мыңға жуық гуманоид робот жөнелтілуі мүмкін. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 500 мыңға жетуі ықтимал.