Malim.kz
Саясат

Қытай мен АҚШ басшылары Бейжіңде бетпе-бет кездесті

Сабина Асқарқызы
«Синьхуа» агенттігі

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайға ресми сапармен барып, Бейжіңде ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Malim.kz.

Қытай көшбасшысы америкалық президентті Халық жиналысы сарайында салтанатты түрде қарсы алды. Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынас, экономика, сауда және технология салаларындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Си Цзиньпин келіссөз кезінде Қытай мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, екі мемлекет тек бәсекелес ретінде емес, жаһандық тұрақтылыққа бірлесіп ықпал ететін серіктестер ретінде әрекет етуі қажет.

Сапар аясында Дональд Трамп пен Си Цзиньпиннің Бейжіңдегі тарихи Тяньтань ғибадатханасы кешеніне бірге баруы жоспарланған. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген бұл нысан Қытай тарихындағы маңызды мәдени символдардың бірі саналады.

Ежелгі дәуірде мұнда Қытай императорлары егіннің мол болуын тілеп, арнайы рәсімдер өткізген.

Сарапшылардың пікірінше, тарихи орынға бірлескен сапардың астарында саяси әрі экономикалық мән жатыр. Атап айтқанда, АҚШ Қытай нарығына ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыруға мүдделі.

Айта кетейік, бұл Дональд Трамптың 2017 жылдан кейінгі Қытайға жасаған алғашқы ресми сапары.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары