2026 жылғы 16-қарашада Қармақшы ауданында Қызылорда облыстық психологиялық қолдау орталығының ұйымдастыруымен кәмелет жасқа толмаған жасөспірім қыздардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетін қалыптастыру, репродуктивті денсаулығын сақтау, жеке шекарасын қорғау және зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында "Қыз баланың қауіпсіздігі, денсаулығы және болашағы" тақырыбында облыстық ақпараттық-ағартушылық ашық алаң өткізілді, деп хабарлайды Malim.kz.
Шараға Қызылорда қаласы ҚПБ-нің аға тергеуші маманы, "Ана мен бала" орталығынан балалар гинекологы, Орталықтың жасөспірімдер психологтары және білім беру ұйымының 7-10 сыныбынан 350 қыз бала қамтылып, сондай-ақ, аудандық Отбасын қолдау орталығы мен Жастар денсаулық орталығының мамандары да қатыстырылды.
Кездесу барысында қыз балалардың өмір қауіпсіздігі, құқықтық сауаттылығы, жыныстық тәрбие, репродуктивті денсаулық, жеке шекараны сақтау және зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды. Мамандар ерте жүктіліктің алдын алу, қысым көрсету мен мәжбүрлеу жағдайларын тану, өз құқықтарын қорғау және қиын жағдайда көмекке жүгіну жолдарын түсіндірді.
Сонымен қатар жасөспірімдердің психологиялық әл-ауқатына ерекше назар аударылды. Буллингке, жыныстық сипаттағы тиісуге және өзге де қиын өмірлік жағдайларға тап болған қыздарға психологиялық және тиісті мамандардың көмегін алу мүмкіндіктері таныстырылды.
Ашық алаңның ерекшелігі-қатысушылардың Орталық мамандарына Сенім телефоны арқылы анонимді түрде сұрақ қойып, тікелей жауап алу мүмкіндігіне ие болуы. Бұл жасөспірімдердің өздерін толғандырған мәселелерді ашық жеткізіп, қажетті ақпарат пен қолдау алуына жағдай жасады.
Іс-шара "Қазақстан балалары" тұжырымдамасында көзделген балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, психологиялық саулығын сақтау және құқықтарын қорғау бағыттарымен үндесіп, жасөспірім қыздардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға және көмек сұраудан тартынбауына бағытталды.