Malim.kz
MALIMet

"Қыз Жібек" сахнаға шығып, "Жас тұлпар" құрылған күн: 7 қараша тарихта несімен қалды?

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы жасалған

7 қараша қазақ мәдениеті мен қоғамдық өміріндегі бірқатар маңызды оқиғамен есте қалған. Бұл күні "Қыз Жібек" операсы алғаш қойылып, қазақ жастарының "Жас тұлпар" ұйымы құрылған. Malim.kz тілшісі осы датаға қатысты Қазақстан мен әлем тарихындағы елеулі оқиғаларды ұсынады.

1929 жыл: қазақ тіліндегі алғашқы әскери газет жарық көрді

7 қарашада Алматыда "Қызыл әскер" газетінің алғашқы саны шықты. Апталық басылым қазақ жастарын әскери іске баулып, сарбаздардың білімін арттыруды мақсат етті. Газет жұмысына Ілияс Жансүгіров бастаған қаламгерлер де атсалысқан. Оның бүгінгі мұрагері – "Қазақстан сарбазы" басылымы.

1934 жыл: "Қыз Жібек" операсы алғаш қойылды

Осы күні қазақ опера өнерінің әйгілі туындысы "Қыз Жібек" көрерменге жол тартты. Алғашқы қойылымда Жібекті Күләш Байсейітова, Төлегенді Қанабек Байсейітов, Шегені Манарбек Ержанов сомдады.

Халық әндері мен күйлерін арқау еткен шығарма ұлттық опера өнерінің қалыптасуындағы маңызды белеске айналды.

1945 жыл: балалар театры алғашқы көрерменін қабылдады

Алматыда балалар мен жасөспірімдер театры "Қызыл телпек" қойылымымен ашылды. Театрды ұйымдастыруға режиссер Наталия Сац ұйытқы болды. Бұл бастама балаларға арналған кәсіби театр өнерінің дамуына жол ашты.

1963 жыл: "Жас тұлпар" ұйымы құрылды

Мәскеуде оқып жүрген қазақ жастары "Жас тұлпар" мәдени-ағарту ұйымын құрды. Оның бастауында Мұрат Әуезов, Алтай Қадыржанов және Болатхан Тайжанов тұрды.

Ұйым қазақ жастарының басын қосып, ұлттық тіл мен мәдениетке қызығушылығын арттыруға ықпал етті.

1916 жыл: АҚШ Конгресіне тұңғыш әйел сайланды

7 қарашада Монтана штатынан сайлауға түскен Джанетт Рэнкин АҚШ Өкілдер палатасының депутаты атанды. Ол ел тарихында Конгреске сайланған алғашқы әйел болды.

Бұл оқиға АҚШ-та әйелдердің сайлау құқығы бүкіл ел көлемінде конституциялық тұрғыда бекітілуінен төрт жыл бұрын болған.

1917 жыл: Ресейде Қазан төңкерісі болды

Қазіргі күнтізбе бойынша 7 қарашада Ресейде большевиктер Уақытша үкіметті құлатып, билікті басып алды. Ел сол кезде қолданған Юлиан күнтізбесінде бұл күн 25 қазанға сәйкес келгендіктен, оқиға тарихта "Қазан төңкерісі" деген атаумен қалды.

Бұл билік ауысуы кейін бұрынғы Ресей империясы аумағындағы халықтардың, соның ішінде қазақ халқының тағдырына да зор ықпал етті.

1940 жыл: ашылғанына төрт ай болған көпір құлады

АҚШ-тың Вашингтон штатындағы Такома-Нарроус аспалы көпірі қатты жел кезінде құлады. Көлік қозғалысына небәрі төрт ай бұрын ашылған көпірдің тербеліп, кейін қираған сәті таспаға түсіп қалған.

Апат көпір құрылысында желдің әсері мен аэродинамикалық тұрақтылықты мұқият есептеу қажеттігін көрсетті. Бұл оқиға инженерия тарихындағы маңызды сабақтардың біріне айналды.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары