Malim.kz
Шоу-бизнес

"Қыздарына үш ай көмектеспеді": Жанель Мақажан бұрынғы күйеуіне шағымданды

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz

Актриса Жанель Мақажан бұрынғы күйеуі, актер Абай Асылханның қыздарына үш айдан астам уақыт бойы материалдық және моральдық көмек көрсетпей жүргенін мәлімдеді, деп Malim.kz.  тілшісі актрисаның Instagram парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Бұлай сториске шығамын деп он ұйықтасам да түсіме кірмепті. Бірақ, рас, үш айдан асты, әкесі қыздарына моральдық, материалдық көмек көрсетіп жатқан жоқ", – деп жазды Жанель Мақажан.

Актрисаның айтуынша, бөлек кеткен кезде Абай Асылхан күтуші, тамақ, балабақша және киім шығындарын өзі көтеретінін айтқан. Алайда Жанель Мақажан бұл уәде орындалмағанын мәлімдеді. Ол бұрынғы күйеуі іс-шаралар өткізіп жүргенін естігенін, енді адвокат іздеуге ниетті екенін жазды. Сондай-ақ жұрттан Абай Асылхан қатысқан іс-шаралардың фото және видеосын жіберуді сұрады.

"Баланы дүниеге әкеліп, оның барлық жауапкершілігінен қашқан адамды адамгершіліктен түсінбесе, онда заң қолдану керек деп ойлаймын", – деді актриса.



Жанель Мақажан жариялаған хат алмасу скриншотында балаларға дәрі-дәрмек пен күнделікті қажет заттар алу керектігі айтылған. Актрисаның қаржылай көмек туралы мәлімдемесіне қатысты Абай Асылханның ұстанымы әзірге белгісіз.

Еске салайық, Жанель Мақажан тамыз айында төрт баласымен бөлек көшкенін айтқан. Қыркүйекте ол Абай Асылханмен ажырасуына қатысты пікір білдіріп, бұрынғы күйеуінің туыстарымен арадағы келіспеушілікті және өзін қолдамағанын алға тартқан. Бұл – актрисаның өз баяндауы. 

Жанель Мақажан кім?

Жанель Мақажан – қазақстандық театр және кино актрисасы. 1987 жылы 27 наурызда туған. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында "драма театры мен кино актрисасы" мамандығы бойынша білім алған. 

Ол өнер ортасында өскен: әкесі Тимур Мақажанов – актер әрі режиссер, анасы Бекзада Әбілхайырова Ғабит Мүсірепов атындағы театрда қызмет еткен. Жанельдің айтуынша, екі жасынан бастап сол театрдың қойылымдарына қатысқан. Кейін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының сахнасында өнер көрсетіп, "Ақан сері – Ақтоқты" спектаклінде Ақтоқтыны сомдаған. Мұрағат

Көрермен оны "Қалаға келген қыз", "Қош бол, Гүлсары", "Тоқал" фильмдері мен "Тағдыр", "Сырғалым" телехикаялары арқылы да таниды. "Жұлдыздар тоғысқанда" фильмінде Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы Әлжанның рөлін ойнаған. 

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары