Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 мегаватт болатын жаңа жылу-электр орталығы салынды. Ауқымды энергетикалық жобаны Мемлекет басшысының қолдауымен түркиялық AKSA Energy компаниясы 215 млрд теңге жеке инвестиция есебінен жүзеге асырды. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Өңір басшысының айтуынша, бұл – Тәуелсіздік жылдарында инвестор қаржысына салынған ірі жобалардың бірі. Жаңа орталық жылына 240 мегаватт электр энергиясын және 277 гигакалория жылу энергиясын өндіруге қауқарлы. Жоба Қызылорда облысын тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етіп қана қоймай, өндірілген энергияның бір бөлігін өзге өңірлерге өткізуге мүмкіндік береді.
Жылу-электр орталығын табиғи газбен қамту үшін бюджет есебінен 15 млрд теңгеге ұзындығы 45 шақырым газ құбыры тартылған. Жобаның жобалау құжаттамасы 2023 жылы әзірленіп, 2024 жылы құрылыс жұмыстары басталған.
Инвестициялық келісімге сәйкес нысанды іске қосу 2026 жылдың тамызына жоспарланғанымен, Мемлекет басшысының тікелей бақылауының нәтижесінде орталық мерзімінен бұрын пайдалануға берілді. Қазіргі таңда қуаттылығы 176 мегаватт болатын газ турбинасы іске қосылып, электр энергиясын өндіру басталды. Ал келесі жылдың басында бу турбинасы іске қосылып, қосымша 95 мегаватт электр қуаты өндіріледі.
Соңғы жылдары өңірде электр энергетикасын жаңғыртуға да басымдық беріліп келеді. Халықты тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында 24,2 млрд теңгеге 71 жоба жүзеге асырылып, тозған электр желілерінің үлесі 60,8 пайызға қысқарған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының Катарға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген келісімдер аясында қуаттылығы 1100 мегаватт болатын бу-газ қондырғысын салу жобасы қолға алынды. Қазіргі уақытта бұл жоба үшін 250 гектар жер телімі бөлініп, техника-экономикалық негіздеме әзірленуде.
Жоба аясында өңірде жоғары кернеулі 500 кВт-тық «Қызылорда – Жезқазған» және «Қызылорда – Шымкент» электр желілерін салу жоспарланып отыр. Сонымен бірге ұзындығы 1,5 мың шақырым болатын «Бейнеу – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісі салынбақ. Жалпы құны 3 трлн теңгені құрайтын жобаның 1,7 трлн теңгелік, яғни 846 шақырым газ құбыры Қызылорда облысының аумағынан өтеді.