Malim.kz
Денсаулық

Дәрігердің салғырттығынан төрт жасар баланың құлағы естімей қалды

Айбын Атабай
Видеодан скрин

Қызылордада дәрігерлердің емінен соң төрт жасар баланың екі құлағы естімей қалған. Ата-анасының айтуынша, дәрігерлер қызуы көтеріліп барған бүлдіршінге өте ауыр антибиотик берген. Бұл туралы 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасы хабарлайды. 

Төрт жасар Айсұлтан Айтуардың құлағына арнайы аппарат тағылғанына екі жыл болған. Бүлдіршін құрылғысыз ештеңені естімейді. Ата-анасы бұған дәрігерлердің салғырттығы себеп дейді. Айтуларынша, бала екі жасында қызуы көтеріліп, жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. Бірақ мамандар бүлдіршіннің ағзасы көтермейтін ванкомицин деген препаратпен емдеген дейді.

“Ванкомицин деген дәрілерді 12 жасқа дейін салуға болмайды екен. Ол бір сағат капать ететін сондай антибиотик. Соны салды баламызға. Бірақ оның жанама әсерін ескертпеді. Сонымен баламыз ауруханадан шыққан соң естімей қалғанын бір-екі айдан соң білдік. Ал дәрігер өзінің қателігін түсініп те, мойындап та отырған жоқ”, – дейді Айсұлтан Айтуардың анасы Бақытгүл Қыстаубаева.

Қазір ата-ана өзге өңірлердің мамандарына жүгініп жүр. Оның үстіне полицейлер де ақ халаттылардың салғырттығына қатысты қылмыстық істі қысқартып тастады деп ашулы.

“Енді естіп бастап жатыр. Бірақ естігенмен де сөйлеу үшін әлі әріп, дыбыстарды ажырату керек. Сол үшін маманға жүгініп жүрміз. Арыздандық. Қылмыстық іс болып тіркелді. Содан кейін біраз уақыт өтіп кеткен соң істі жауып тастаған екен”, – дейді Айсұлтан Айтуардың әкесі Айдос Ықыласов.

Ал аурухана өкілдері Айсұлтан Айтуарға тиісті ем-дом жасадық деп ақталды. Барлық дәрі-дәрмек науқастарға хаттама бойынша беріледі деп отыр.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары