Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен «Әке тәрбиесі – ұлттың рухани діңгегі» атты облыстық әкелер форумы өтті. Оған «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Бекдайыр Күзембай, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, аудандардан келген, түрлі салада табысқа жетіп, кәсібі мен еңбегі арқылы елге үлгі болып жүрген азаматтар қатысты.
Биыл әкелер форумы төртінші мәрте ұйымдастырылуда. Бұл – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ер азаматтың отбасы мен қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды алаң.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Әке жауапкершілігі – отбасының беріктігі мен ұрпақ тәрбиесінің негізі. Біздің қоғамда әкенің рөлін арттыру, оның отбасындағы беделін нығайту – өте маңызды міндет» деген болатын.
Ұлттың сапасы, болашақ ұрпақтың азаматтық болмысы әкенің берген тәрбиесіне тікелей байланысты. Жаңа Конституциямызда «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады» деп нақты көрсетілген. Бұл отбасы құндылықтары мемлекеттік саясаттың негізгі өзегіне айналғанын айқын дәлелдейді. Әке – тек отбасын асыраушы емес, баланы жауапкершілікке, еңбекқорлыққа және Отанға деген сүйіспеншілікке баулитын алғашқы мектеп.
Баланың болашағына әсер ететін ең қуатты күш – отбасындағы тәрбие, әкенің өнегесі. Сондықтан, «Адал адам», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» секілді мемлекеттік бастамаларды қоғамда орнықтыру ең алдымен отбасынан басталуы тиіс. Баршаңызды ел мүддесіне адал қызмет етуге және ұрпақ тәрбиесіне зор жауапкершілікпен қарауға шақырамын», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Іс-шарада отбасы құндылықтарын насихаттап, өскелең ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып жүрген әкелер облыс әкімінің Алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Бекдайыр Нығметұлы, ішкі істер органдарының ардагері Әмірбек Бердібекұлы, жас ақын, республикалық Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығының иегері Ақжол Ғабитұлы, өнегелі әке Дәулет Амангелдіұлы, «Бақытты әйел» жобасының спикері Нұрсәуле Дүйсембайқызы тақырып аясында мазмұнды баяндама жасады. «Қазақстан дауысы – 2023» жобасының финалисі Нұрислам Тілеухан әсем ән орындап, оған қоғамдық бірлестік атынан смарт-теледидар сыйға берілді.
Форумда «Қызылорда» супермаркетінің жұмысшысы Камалов Жандос Құдайбергенұлына үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Жандос Құдайбергенұлы – мүмкіндігі шектеулі жұбайына және екі баласына қамқор болып отырған ардақты әке.