Malim.kz
Экономика

Қызылордада триллион теңгелік инвестициялық жобалар жүзеге асуда

Ереке Базарқұл
ФОТОЛАР: ©Қызылорда облысының әкімдігі

Қызылорда облысында инвестициялық ахуал жақсарып, өңірде ауқымды жобалар жүйелі түрде іске асырылуда. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Аймақ басшысының айтуынша, 2022–2024 жылдары облыс экономикасына шамамен 1 трлн 600 млрд теңге инвестиция тартылған. Ал 2025 жылға 631,4 млрд теңге көлемінде инвестиция жоспарланғанымен, жаңа жобалардың іске қосылуы нәтижесінде бұл көрсеткіш 750 млрд теңгеден асып, жоспар артығымен орындалған. 2021 жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 233 пайызға артса, жеке инвестициялардың үлесі 70 пайызды құрады.

Экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы жылдары жалпы құны 2,8 трлн теңге болатын 98 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл жобалар 12 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биылдың өзінде 300 млрд теңгеден астам қаржыға 27 жоба пайдалануға берілген.

Өңірде өнеркәсіптік өндіріс те қарқынды дамып келеді. Шілде айында құны 5 млрд теңге болатын «Қызылорда Саз-М» серіктестігінің толық автоматтандырылған кірпіш зауыты іске қосылды. Кәсіпорын жылына 90 млн дана кірпіш өндіріп, облыстың құрылыс саласындағы сұранысының 90 пайызын қамтамасыз етпек. Сондай-ақ жалпы құны 5,6 млрд теңге болатын «Қызылорда нан» серіктестігінің нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін шығаратын өндірістік кешені жұмысын бастады. Кешен құрамында жалпы қуаттылығы 7,8 мың тонна болатын төрт цех бар.

Бұдан бөлек, өңірде жалпы құны 753,3 млрд теңге болатын 14 ірі инвестициялық жобаның құрылысы қолға алынуда. Олардың қатарында 414,7 млрд теңгелік «Шалқия» кен-байыту фабрикасы, 161,4 млрд теңгеге кальцийленген сода зауыты, 60 млрд теңгеге «Seven Rivers Technologies» компаниясының бөтелке шығаратын зауыты және 37,8 млрд теңгеге оңтүстіккореялық «With you e&c Qyzylorda» компаниясының қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу зауыты бар.

Сонымен қатар, «Табиғи тас Қызылорда» серіктестігінің жылына 1,1 млн тонна әк өндіретін, құны 17,3 млрд теңге болатын зауыты келесі жылы іске қосылады. Кәсіпорында 92 адам жұмыспен қамтылады.

Жуырда ғана испандық Roca Group компаниясымен санитарлық-техникалық бұйымдар өндіретін жоғары технологиялық зауыт салу жөнінде инвестициялық келісімге қол қойылды. Құны 44 млрд теңге болатын бұл жоба елімізде алғаш рет жүзеге асырылады және 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Зауытты 2027 жылы іске қосу жоспарланған.

Аграрлық-индустриялық кластер қалыптастыру мақсатында швейцариялық Harvest Agro компаниясының техникалық қарасора, жүгері мен соя өсіріп, қайта өңдейтін зауытының, сондай-ақ 40 млрд теңгеге жүгеріні терең өңдейтін крахмал-сірне зауытының құрылысы басталды.

Аймақтың инвестициялық әлеуетін арттыру бағытында биыл мамыр айында Үкімет қаулысымен Қызылорда қаласында аумағы 550 гектар болатын «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Қазіргі таңда өндірістік нысандарды орналастыру үшін отандық және шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. АЭА аумағында өңірдің өнеркәсіптік-логистикалық мүмкіндіктеріне сәйкес экономикалық қызметтің 18 түрін дамыту жоспарланған, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары басталып кетті.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары