Қызылордадағы жатақханалардың бірінде студенттің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Malim.kz.
Әлеуметтік желіде 16 жастағы Нұрдәулет Мырзалының 8 мамырға қараған түні көз жұмғаны туралы ақпарат тарады. Марқұмның туыстары оны үшінші курс студенттері соққыға жыққанын айтады.
Сондай-ақ жасөспірімнің денесі қанға боялған күйде дәліз арқылы сүйреліп, кейін бөлмеге жасырылғанын мәлімдеген.
Қызылорда облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда өлімге әкелу фактісімен қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады.
Полиция мәліметінше, күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Барлық процессуалдық әрекеттер заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылуда. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданады», – деп мәлімдеді ведомство.
Қылмыстық істің тергелуі департамент басшылығының бақылауына алынған.