Malim.kz
Экономика

Ресей Қазақстан мұнайының бағытын өзгерте ме?

Malim Админ
https://dic.academic.ru/

Ресей Қазақстанның мұнай экспортын Балтық теңізіндегі Усть-Луга портынан Қара теңіздегі Новороссийск портына қайта бағыттап жатыр. Бұл өзгеріс тамыздың соңынан қыркүйектің соңына дейін жалғасуы мүмкін.

Reuters агенттігінің төрт дереккөзіне сүйенсек, Мәскеу осылайша Усть-Лугадағы экспорттық қуатты өз мұнайын тасымалдауға босатуды көздейді. Кемінде екі қазақстандық KEBCO мұнай партиясы тамыздың соңында Усть-Лугадан Новороссийскіге бағытталған.

Бұл шешім Ресейдің Қара теңіздегі мұнай тасымалына байланысты қиындықтарға тап болуымен байланысты. Украина дрондарының шабуылдары салдарынан ресейлік мұнайды тасымалдайтын танкерлерді жалдау қиындаған. Ал қазақстандық KEBCO мұнайы тасымалдаушылар үшін тәуекелі төмен өнім ретінде бағаланып отыр.

Reuters мәліметінше, Усть-Лугадағы қазақстандық мұнай көлемін Новороссийскіге ауыстыру Ресейге Балтық порттарында тәулігіне шамамен 100 мың баррель көлемінде қосымша экспорттық мүмкіндік береді.

Қазақстандық өндірушілер бұл бағытты қолдап отыр деген дерек бар. Себебі қазіргі жағдайда Қара теңіз арқылы тасымалдау Балтық бағытына қарағанда тиімдірек болып отыр. KEBCO мұнайының негізгі бөлігі Жерорта теңізіндегі және Еуропадағы мұнай өңдеу зауыттарына жеткізіледі.

Алайда жаңа схема Қазақстанның мұнай экспорты үшін Қара теңіз инфрақұрылымының қауіпсіздігі мәселесін қайта алға шығарады. Бұған дейін Новороссийск портындағы дрон шабуылдары мұнай тиеу жұмыстарының уақытша тоқтауына себеп болған. Порт Қазақстанның KEBCO және CPC Blend мұнайын әлемдік нарыққа шығаруда маңызды рөл атқарады.

Malim Админ
Автордың басқа материалдары