Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Ленинград облысында қазақстандықтар қатысқан жаппай төбелес ісі бойынша жаңа мәліметтер ұсынды, - деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
СІМ мәліметінше, 28 наурызда Қазақстанның Санкт-Петербургтағы Бас консулдығының қызметкерлері Усть-Лугадағы вахталық кентте жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары, оның ішінде тұрмыстық жанжал нәтижесінде ұсталған азаматтармен кездесу өткізді. Аталған кентте шамамен 15 мың адам тұрады, олардың барлығы Ресейдің ірі экспорттық порттарының бірін салуға қатысатын түрлі мердігер ұйымдардың вахталық қызметкерлері.
Бастапқыда тәртіпсіздіктерге жүздеген адам қатысқан. Оқиғадан кейін әртүрлі елдің 30-дан аса азаматы ұсталды. Алғашқы тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін ұсталғандардың басым бөлігі босатылған.
"Бірнеше адамға, оның ішінде Қазақстан азаматтарына қатысты 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы сот шешімдері қабылданды. Қазақстанның тағы үш азаматына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Қазақстан азаматтары арасында зардап шеккен немесе медициналық көмекке мұқтаж адамдар жоқ. Қазақстанның барлық азаматына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр", - деп хабарлады СІМ.
Сондай-ақ вахталық кенттің өзінде компания қызметкерлері (қазақстандық жұмысшылар мен учаске бригадирлері), Ресейдің құқық қорғау органдары, жұмыс беруші компания мен күзет агенттігі өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Кездесу барысында болған жағдай сындарлы түрде талқыланып, алдағы уақытта осындай оқиғалардың алдын алу шаралары қарастырылды.
"Қазіргі уақытта вахталық кенттегі жағдай тұрақты. Оқиғаға қатысқан екі тарапқа қатысты тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр, оның қорытындылары бойынша жанжалға қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі", - деп қосты ведомство өкілдері.
Не болды?
Threads-тегі жазбаға сүйенсек, бұл төбелес Усть-Луга кентіндегі вахталық қалашық аумағында болған. Видеода жиналған адамдарға жоғары жылдамдықпен көлік басып кіргені көрінеді.
Желі қолданушыларының бірі "қақтығыс Қазақстан азаматтары мен жергілікті күзетшілер арасындағы келіспеушіліктен басталды" деген нұсқаны алға тартты.