Миланда өткен қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында өзін "ресейлік спортшы" деп көрсетуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Спортшының айтуынша, мұндай анықтама шындыққа жанаспайды әрі оны құрметтемеумен тең.
2024 жылдың соңында Гран-при кезеңіндегі сәтті өнерінен кейін бірқатар шетелдік басылымдар Шайдоровты «ресейлік» деп атаған. Миландағы Олимпиадада алтын медаль жеңіп алған соң да осы сипаттағы ақпараттар қайта тараған.
Осы мәселеге байланысты ол былтыр қаңтарда Sport+ телеарнасындағы "Тікелей әңгіме" бағдарламасында нақты позициясын білдірген.
"Мен Алматыда дүниеге келдім. Сол жерде өстім, қазір де сол қалада тұрамын. Уақытымның көп бөлігін Қазақстанда, өзімнің сүйікті қаламда өткіземін. Мәнерлеп сырғанауды "Рамстор" сауда орталығындағы мұз айдынында бастадым. Ол жерде көптеген спортшылар, соның ішінде Денис Тен де жаттыққан. Ресейде оқу-жаттығу жиындарына қатысып, белгілі бір уақыт болдым. Бірақ соңғы кездері көбіне Алматыда жаттығып жүрмін. Мені ресейлік спортшы деп атау – маған деген құрметсіздік", – деді ол.
Айта кетейік, 21 жастағы Шайдоров Миландағы Олимпиадада қысқа бағдарламадан кейін бесінші орында тұрған. Алайда еркін бағдарламада тамаша өнер көрсетіп, қарсыластарының бәрін басып озып, алтын медаль иеленді.
Бұл – Қазақстан үшін тәуелсіздік жылдарындағы қысқы Олимпиада ойындарындағы екінші алтын жүлде. Бұған дейін алғашқы алтынды 1994 жылы Лиллехаммерде өткен Олимпиадада Владимир Смирнов 50 шақырымдық жарыста жеңіп алған еді.