Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мектеп оқушыларының смартфон пайдалануына қатысты жаңа тәртіпті түсіндірді. Бұл туралы ол 28 тамызда ОКҚ-да өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның сөзінше, биыл ұялы байланыс құрылғыларын пайдалану мәселесі Оқу-ағарту министрлігінің құзыретіне берілген. Қазір тиісті ережелер әзірленіп, келісу кезеңінен өтіп жатыр.
Ережеге сәйкес, оқушылар сабақ кезінде ұялы телефонды пайдаланбауы керек. Ал үзіліс кезінде телефон қолдануға рұқсат етіледі. Сонымен қатар мұғалімнің күнтізбелік-тақырыптық жоспарында қарастырылған жағдайда, телефонды сабақ барысында да пайдалануға болады, – деді Шынар Ақпарова.
Министрлік мектептерде оқушылардың телефонын сақтайтын арнайы сейфтерді міндетті түрде орнатуды талап етпейді.
Телефон оқушының өзінде қала алады. Мысалы, оны сөмкесіне салып, өшіріп қоюға болады. Сондай-ақ мектеп ата-аналарға қажет жағдайда баласымен байланысуға мүмкіндік беретін бірыңғай байланыс нөмірін ұсынуы тиіс. Бұл талап та ережеде қарастырылған, – деп түсіндірді ол.
Телефон жоғалса, мұғалім жауап бере ме?
Шынар Ақпарова мұғалімдердің оқушылардың телефондарына автоматты түрде материалдық жауапкершілік арқаламайтынын атап өтті.
Мұғалімдердің телефондарға автоматты түрде материалдық жауапкершілігі қарастырылмаған. Егер телефон жоғалса, мұғалім оның құнын бірден өтеуге міндеттелмейді. Алдымен телефонның қашан және қандай жағдайда жоғалғаны, сондай-ақ оған кімнің кінәлі екені анықталуы керек. Осыдан кейін ғана тиісті шара қабылданады, – деді министрдің бірінші орынбасары.