Malim.kz
Саясат

Саяси сарапшы: Президенттің қатысуымен ұлттық дамудың жаңа басымдықтары айқындалды

Айбын Атабай
Kazinform; Gov.kz

Ұлттық құрылтай қоғам мен мемлекет арасындағы шынайы диалогтың тұрақты алаңына айналып келеді. Онда көтерілген мәселелер декларативті сипатта емес, елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуының нақты бағыттарын айқындауға бағытталған. Қызылорда өңірінде өткен бесінші отырыс та осы сабақтастықты жалғастырып, Президенттің қатысуымен ұлттық дамудың жаңа басымдықтарын айқындады.

Осы уақытқа дейін Ұлттық құрылтай бастамаларын іске асыру аясында 26 заң қабылданды, 10 заң жобасы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Осылайша сарапшылар мен қоғам белсенділері ұсынған өңірлік даму, экология, туризм, спорт, білім беру, әлеуметтік әділеттілік және өзге де бағыттардағы бастамалар нақты заңнамалық-құқықтық негізге ие болды.
Бұл үдеріс Ұлттық құрылтайдың мемлекеттік саясатты жүйелі түрде сараптамалық-қоғамдық талқылау форматына көшкенін айқын көрсетеді.
2026 жылғы Ұлттық Құрылтайдың Қызылордада өтуі - кездейсоқ шешім емес. Бұл таңдаудың бірнеше маңызды негізі бар.
Біріншіден, Қызылорда - қазақ мемлекеттілігінің тарихи орталықтарының бірі. 1925–1929 жылдары Қызылорда Қазақ автономиялы республикасының алғашқы астанасы болды. Дәл осы кезеңде қазақтың мемлекеттік басқару жүйесі қалыптасып, ұлттық интеллигенцияның ықпалы күшейді. Сондықтан алдағы ауқымды реформалардың дәл осы өңірден бастау алуы тарихи сабақтастықты айқындайтын әрі терең символдық мәні бар қадам.
Екіншіден, Ұлттық Құрылтайдың философиясы орталық пен өңір арасындағы диалогты теңестіру. Соңғы жылдары Құрылтайдың әртүрлі өңірлерде өтуі мемлекеттік саясаттың өңірлерді дамытуға, олардың қоғамдық-саяси өмірдегі рөлін арттыруға бағытталғанын көрсетіп отыр. Қызылорда — экологиялық, әлеуметтік және экономикалық мәселелері бар өңір, сондықтан мұнда өтетін Құрылтай нақты өңірлік проблемаларды ұлттық деңгейде талқылауға мүмкіндік береді.

Бүгін Мемлекет басшысы Парламент қызметін түбегейлі қайта құру арқылы осыған дейін жүзеге асырылған саяси реформаларды одан әрі жалғастыратынын айтты. Бір палаталы Парламентте депутаттар бес жылға сайланады. Заң қабылдаудың үш кезеңнен тұрады. Депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы мақұлдайды. Одан кейін өзгерістерді мақұлдайды, соңында заңды қабылдайды. Биылғы жиында көтерілген тағы бір байыпты бастама  - жаңа Парламенттің атауы "Құрылтай" болып өзгермек. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға да түсінікті, жақын. Бұл өзгерістер еліміздің саяси тұрғыда нығаюына зор ықпал етпек. 

Жақсыбек Жиеналиев - Қазақстандық қоғамдық даму институты, "MediaLab" орталығының басшысы

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары