Malim.kz
Шоу-бизнес

Сәкен Майғазиевтің анасы дүниеден озды

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz/ ЖИ арқылы өңделген

Танымал әнші Сәкен Майғазиевтің анасы Ұлтай Мырзамбекқызы қайтыс болды. Қаралы хабар өнер иесінің Instagram парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Malim.kz.

"Сәкен Майғазиев ағамыздың анасы дүниеден озды. Алла жанын жәннатта етсін", – делінген жазбада.

Жарияланған естіртуге сәйкес, марқұмның жаназа намазы 14 қазан күні сағат 15:00-де Түркістан облысы, Созақ ауылындағы өз шаңырағында өтеді.

Өнердегі әріптестері мен тыңдармандары әншінің отбасына көңіл айтып жатыр. Олардың арасында әнші Ерке Есмахан да бар.

"Иманды болсын! Алла алдынан жарылқасын!" – деп жазды ол.

Сәкен Майғазиев кім?

Сәкен Қордабайұлы Майғазиев – қазақ эстрадасының танымал әншісі, "МузАРТ" тобының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1975 жылғы 1 қаңтарда қазіргі Түркістан облысының Созақ ауданында дүниеге келген.

Өнер жолын кәсіби білім алудан бастаған. Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжінде оқып, кейін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білімін жалғастырған. 2001 жылдан бері "МузАРТ" құрамында өнер көрсетіп келеді. Мейрамбек Бесбаев және Кенжебек Жанәбіловпен бірге орындаған әндері арқылы қалың тыңдарманға танылды. Топтың "Өз елім", "Шынарым", "Сағындым Алматымды", "Анаға сәлем" секілді туындылары көпшілікке кеңінен таныс.

Сәкен Майғазиев әншілікпен қатар ұстаздық және мәдениет саласындағы басқару жұмыстарымен де айналысқан. 2018–2020 жылдары Жүргенов атындағы өнер академиясының шығармашылық жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры қызметін атқарған. Ол – "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары