Алматының Алмалы аудандық соты қоғам белсендісі, бұрын "Нұр Отан" партиясының идеология бағытына жауапты қызмет атқарған Санжар Боқаевқа үкім шығарды. Сот оны кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді, деп хабарлайды Malim.kz.
Айыптау тарапының мәліметінше, Боқаев "ҚазТрансГаз" кәсіподағы "Еуропа – Қытай" автожорығын өткізуге бөлген қаражаттың 42 миллион теңгеден астамын өзінің жиһаз бизнесіне жұмсаған.
Сондай-ақ оған Үлкен Алматы өзенінің жағалауындағы құрылыс алаңынан 12 гранит тақтаны ұрлауды және Баум тоғайындағы 16 ағашты заңсыз кесуді ұйымдастырды деген айып тағылған. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл әрекеттер Алматыдағы абаттандыру мәселелері туралы бейнероликтер түсірумен байланысты болған.
Бұдан бөлек, Боқаевқа жалған ақпарат таратты деген айып та тағылды.
Бұған дейін прокуратура тағылған айыптардың жиынтығы бойынша оны 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Санжар Боқаев өзіне тағылған айыптарды мойындамады.