Malim.kz
Құқық

Санжар Боқаев ісі: қамау мерзімі тағы бір айға созылды

Сабина Асқарқызы
әлеуметтік желі

Белсенді Санжар Боқаевты қамауда ұстау мерзімі тағы бір айға ұзартылды, деп хабарлайды Malim.kz.

Қоғам белсендісінің адвокаты Радмир Утеповтың айтуынша, Боқаевты қамауда ұстау мерзімі 18 маусымға дейін ұзартылған.

Еске салсақ, Санжар Боқаев 2026 жылдың 18 наурызында Алматыда ұсталған еді. Бас прокуратураның мәліметінше, ол ұлттық компанияда жұмыс істеген кезінде ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген.

2026 жылдың наурыз айының соңында сот Санжар Боқаевты екі айға қамауға алу туралы шешім шығарған. Тергеу нұсқасына сәйкес, белсенді әлеуметтік желілерде саябақтағы ағаштардың заңсыз кесілуі мен құрылыс нысандарындағы ұрлықтар туралы видеолар жариялаған. Алайда тергеушілердің болжамынша, Боқаев аталған заңсыз әрекеттерді өзі ұйымдастырған болуы мүмкін. Сонымен қатар оған ұлттық компаниядағы қызметі кезінде алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр.

Айта кетейік, 2025 жылдың тамызында Санжар Боқаев Алматы қаласының орталығынан жаңа төселген брусчаткалардың жеке үйлерге тасылып жатқанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, бюджет қаржысына алынған плиткаларды жұмысшылар алып тастап, арнайы техникаға тиеп, жекеменшік нысандарға әкеткен. Сол кезде белсенді полиция шақырып, жиналған материалдарды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолдайтынын айтқан болатын.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары