Malim.kz
Спорт

Сақаев пен Дәулетбеков Азия чемпионатының жартылай финалына шықты

Айбын Атабай
Спортты дамыту дирекциясы

Бішкекте күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының балуандары Болат Сақаев пен Азамат Дәулетбеков ширек финалда жеңіске жетті, деп хабарлайды Malim.kz.

Еркін күрестен 86 келіде белдескен отандық бозкілем шебері Болат Сақаев шешуші сында Солтүстік Корея балуаны Сон Ган Джиді 12:2 есебімен қапы қалдырды.

Енді отандасымыз жартылай финалда үндістандық Мукул Дахиямен кездеседі. Финалға шыққан жағдайда Иран мен Түркіменстан балуандары жұбының жеңімпазымен Азия чемпионатының алтыны үшін белдеседі.

92 келіде Азамат Дәулетбеков Моңғолия балуаны Бат-Эрдэнэ Бямбасүрэнмен күресте 3:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға өтті. Финалға жолдама үшін Дәулетбеков Иран мен Жапония балуандары жұбының жеңімпазымен күреседі.

74 келіде Ернұр Нұрғазы 1/4 финалда Өзбекстан балуаны Бегужан Кулдашевтан 4:2 есебімен жеңілді.

Еркін күрестен 125 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Иран балуаны Амир Хуссейнмен белдесуде отандасымыз ұпай иелене алмады. Белдесу барысында қорғана жүріп шабуылдаған парсы спортшысы қазақ балуанының қателескен сәттерін тиімді пайдаланып, нәтижені 7:0-ге жеткізді.

Егер Едіге Қасымбектің қарсыласы финалға шықса, отандасымыз сары құрлық біріншілігінің қола жүлдесі үшін белдесуге мүмкіндік алады.

Ал 61 келіде Асыл Айтақын есе жіберген жапониялық қарсыласы ширек финалда сүрініп, қазақстандық балуан жүлде үшін күресу мүмкіндігінен біржола айырылды.

Бұдан бөлек, 97 келіде Бекзат Үркімбай қола жүлде үшін Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ахмед Тажудиновпен күреседі. Ал Дәулет Ергеш (79 кг) жұбаныш белдесуінде Моңғолия өкіліне 15:2 есебімен есе жіберіп, Азия біріншілігін 7-орынмен аяқтады.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары