Сауд Арабиясы Баб-эль-Мандеб бұғазындағы жағдайдың ушығуына байланысты АҚШ-тан хуситтерге қарсы күресте қолдау көрсетуді сұрады. Бұл бағыт Еуропа мен Азия арасындағы маңызды теңіз жолдарының бірі саналады, деп хабарлайды Malim.kz.
CBS News мәліметінше, Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бұл мәселені АҚШ президенті Дональд Трамппен бірнеше рет талқылаған. Эр-Рияд Вашингтоннан хуситтердің позицияларына соққы беруді сұраған.
Алайда Трамп әзірге әскери операция жүргізуден бас тартып, Сауд Арабиясына барлау мәліметтерімен көмектесуді ұсынған.
Сауд Арабиясының алаңдаушылығы тек теңіз саудасына байланысты емес. Эр-Рияд ауқымды әскери қимылдар Иран тарапынан жауап соққыларына әкелуі мүмкін деп қауіптенеді.
Хуситтермен байланысты Al Masirah телеарнасы Сауд Арабиясы алғашқы әуе соққыларын жасап үлгергенін хабарлады. Алайда корольдік билігі бұл ақпаратты әзірге ресми түрде растаған жоқ.