Malim.kz
Оқиға

Сегіз ай бойы халықты алдаған: алаяқтар тұтас полиция бөлімшесін ашып алған

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz / ЖИ арқылы жасалған

Бір топ алаяқ қонақүй ішінен жалған полиция бөлімшесін ашып, сегіз ай бойы тұрғындардан ақша жинаған. Олар арнайы форма киіп, шен тағып, өздерін тәртіп сақшысы ретінде таныстырған, деп Malim.kz тілшісі NDTV басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

2022 жылы әшкере болған оқиғаның таңғаларлығы – жалған бөлімше жергілікті полиция басшысының үйінен небәрі 500 метр жерде жұмыс істеген. Қолдарына қару ұстаған алаяқтарға жұрт сеніп, арыз-шағымын айтып барған.

Ал олар арыз қабылдап, іс қозғау үшін ақы сұраған. Бұдан бөлек, әлеуметтік баспана алуға және полицияға жұмысқа тұруға көмектесеміз деп ақша жинаған.

Бөлімше шынайы көрінуі үшін басқа адамдарды да жалдаған. Оларға полиция қызметкерінің кейпінде жүргені үшін күн сайын ақы төлеп отырған.

Алаяқтардың құпиясын нағыз полицей ашқан. Ол топтағы екі адамның қолындағы қарудың қызметтік үлгіге ұқсамайтынын байқап, күмәнданған. Тексеру кезінде тұтас бөлімшенің жалған екені анықталған.

Сол кездегі мәлімет бойынша, топтың кемінде алты мүшесі, оның ішінде екі әйел ұсталған. Ал ұйымдастырушысы қашып кеткен.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары