Malim.kz
Құқық

Семейдегі жұмысшының өлімі: кәсіпкер мен машиниске үкім шықты

Айбын Атабай

Семей қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта кәсіпорында көз жұмған жұмысшыға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шықты, деп хабарлайды Malim.kz.

Сотта жеке кәсіпкер мен автогидрокөтергіш машинисіне қатысты қылмыстық іс қаралды. Оларға ҚР ҚК-нің 156-бабы 3-бөлігі бойынша (Еңбекті қорғау ережелерін бұзудың адам өліміне әкеліп соғуы) айып тағылған.

Іс материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға өткен жылдың сәуір айында Семейдегі кәсіпорын аумағында болған. Арнайы оқытудан өткізілмей, тиісті рұқсатсыз жұмысқа тартылған жұмысшы биік жерде еңбек ету кезінде ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмған.

Тергеу барысында анықталғандай, айыпталушылар қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етпей, біліктілігі мен жеке қорғаныс құралдары жоқ адамды жұмысқа жіберген.

– Сот айыпталушылардың іс-әрекеттерінде ҚР Қылмыстық Кодексінің 156-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмыс құрамының бар екенін анықтады. Олардың кінәсі толық дәлелденді, - деп хабарлады соттың баспасөз қызметінен.

Сот үкімімен 2 сотталушыға екі жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда «ҚР Конституциясының 30 жылдығына байланысты амнистия туралы» заңға сәйкес, олар қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. 

Бұдан бөлек, сот жәбірленуші тараптың азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, сотталушыларды моральдық зиян ретінде 10 млн теңге төлеуге міндеттеді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары