Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мен оған іліспе құжатты екі оқылымда мақұлдады.
Бұл заңдарды Мәжіліс биыл мамыр айында қабылдаған еді.
Заңның мақсаты — педагог мәртебесін нақты қорғау.
Ұсынылған нормалар мұғалімді артық жүктемеден арылтып, оның кәсіби еркіндігін қамтамасыз етеді. Енді педагогтердің білім алушылар алдындағы жауапкершілігі тек оқу процесі барысында ғана айқындалады. Бұл мұғалімді өзіне тән емес функциялардан қорғайды. Сондай-ақ заң жобасында қағаз және электрондық форматта қатар жүретін «цифрлық бюрократияға» заңнамалық деңгейде тыйым салынады.
Талантты мамандарды қолдау мақсатында халықаралық кәсіби шеберлік конкурстарының жеңімпаздарына жоғары оқу орындарына конкурстан тыс грант тағайындау нормасы қарастырылды. Баланың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін ата-аналардың жауапкершілігі де кеңейтілді. Білім мен тәрбие — тек мектептің ғана емес, отбасы мен мемлекеттің ортақ ісі екені нақты айқындалды.
Заңда педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша студенттерді қабылдау мен ауыстыру талаптары қатаңдатылды. Бұл салаларға ең үздік, білімді жастардың келуін қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Сонымен бірге, Қазақстан аумағында жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының еркін қызмет етуі үшін қолайлы құқықтық режим бекітілді.