Malim.kz
Құқық

Сенатор Андрей Лукин әскердегі әлімжетікке алаңдаушылық білдірді

Ереке Базарқұл
©ҚР Парламенті Сенаты / скриншот

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Андрей Лукин премьер-министр Олжас Бектеновке әскердегі жарғыдан тыс қатынастарды реттеу туралы сауал жолдады. Бұл туралы malim.kz хабарлайды.

Сенатор, әскери жеке құрамдағы тәртіп туралы және әскердегі құқық бұзу туралы заңдарды жүйелі түрде жаңартып отыру керек деп есептейді. Оның тұжырымынша, бұл заңдар - әскердің қуатының түпқазығы. Алайда практика қолданыстағы заңдарды жетілдіру керегіне нұсқап отыр дейді сенатор.

Андрей Лукиннің айтуынша, біршама шараларға қарамастан, әскери бөлімшеден өз бетінше кетіп қалу, жарғыдан тыс қарым-қатынас, сыбайлас жемқорлық сияқты келеңсіздіктер әлі де сақталып отыр. Бұларға себептердің бірі - әскери полиция мен әскери прокуратура арасындағы жұмыстың үйлеспеуі екен. Қолданыстағы ережелер нақты жауапкершілік жүктемей, ал оқиғалар кезінде ашықтық пен айқындық болмайды.

Сенатор келтірген мәліметтер бойынша, биылғы қазан айында Қорғаныс министрлігінің комитеті осы мәселелер бойынша жиын өткізіп, аталған келеңсіздіктердің әлі де сақталып отырғанын айтыпты. Осылайша, әскери органдардың өзара қарым-қатынасын айқын реттейтін құқықтық негіздер жасалуы керек. Андрей Лукиннің ойынша, мұндай кешенді құқықтық өзгерістер әскери тәртіптен бастап, әскерилерге берілген әлеуметтік кепілдіктердің заң үлестірілуіне дейін қозғайды.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары