Malim.kz
Спорт

Серік Сәпиев жақсы жаңалығымен бөлісті

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев қызы Аққудың әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алғанын хабарлады. Ол Instagram парақшасында қызының суретін жариялап, ақ тілегін арнады, деп хабарлайды Malim.kz.

Сәпиевтің жазуынша, 15 жастағы Аққу 16–18 жас аралығындағы қыздар арасында өткен әлем чемпионатында үшінші орын иеленген. Спортшы қызының өзінен үлкен қатысушылармен бақ сынап, жүлдеге іліккенін мақтанышпен жеткізді.

"Алтын қызым, Аққу! Небәрі 15 жаста бола тұра, 16–18 жас аралығындағы қыздар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атандың! Сенімен шексіз мақтанамын, чемпион қызым! Алда сені тек алтын жүлделер күтіп тұрсын!" – деп жазды ол.

Жарияланған суретте Аққу гүл шоғын ұстап, медалін көрсетіп тұр. Оның жанындағы жігіттің қолында үшінші орынға берілген кубок бар.

Жазбаға пікір қалдырғандардың арасында әнші Төреғали Төреәлі де бар. Ол қол шапалақтау эмодзилері арқылы қолдау білдірген.

Серік Сәпиев кім?

Серік Сәпиев – қазақстандық боксшы, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы. Ол 1983 жылғы 16 қарашада Қарағанды облысының Абай қаласында дүниеге келген.

2005 және 2007 жылдары бокстан әлем чемпионы атанған. Лондон Олимпиадасында алтын медальмен қатар, жарыстың ең үздік боксшысына берілетін Вэл Баркер кубогын жеңіп алған. Сондай-ақ әлем чемпионаттарының күміс және қола жүлделерін иеленген.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары