Туризм және спорт министрлігі Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасына жаңа басшыны тағайындады, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұған дейін бұл қызметті бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев атқарып келген болатын.
Министрлікте өңірлік спорт басқармаларының басшыларын тағайындау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтіп, Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы лауазымына үміткер қаралды.
Талқылау қорытындысы бойынша комиссия мүшелері Нұркен Нұратов кандидатурасын мақұлдады. Ол бұған дейін Алматы облысының Олимпиадалық резервтерді даярлау орталығы басшысы қызметін атқарған.
Министрлік мәліметінше, кандидаттың спорт саласындағы тәжірибесі, басқарушылық қабілеті және өңірде спортты дамытуға қатысты көзқарасы жан-жақты қаралып, оң шешім қабылданған.
Айта кетейік, өңірлік спорт басқармаларының басшыларын жергілікті атқарушы органдар ұсынады, ал түпкілікті тағайындау Туризм және спорт министрлігі жанындағы комиссияның келісімімен жүзеге асырылады.
Сондай-ақ бұған дейін Серік Сәпиев пен оның орынбасары арасында келіспеушілік болғаны хабарланған еді. Кейін екі тарап жағдайдың реттелгенін және барлық мәселе қызметтік тәртіп аясында шешілгенін мәлімдеген.