Талғарда бір топ ер адамның қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне ісі кассациялық сотта қаралды, деп хабарлайды Malim.kz Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Сот үкімімен қамалған Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахметтің сот актілеріне берген кассациялық шағымдары қаралды.
Кассациялық соттың мәліметінше, 2024 жылғы қазанда Дидар Қалиахмет пен Азамат Тоқтаубаев топтық төбелеске қатысып, оның барысында жәбірленушілерге күш қолданған. Сол сияқты пышақ сұғып, тас лақтырғаны да айтылды.
Дене жарақаттарының салдарынан жәбірленушілердің бірі есінен танып қалған. Осыны пайдаланып, Азамат Тоқтаубаев оның ұялы телефонын білдіртпей алып, жанжалға қатысқан басқа адамдармен бірге оқиға орнынан кетіп қалған. Кассациялық шағымында Азамат Тоқтаубаев адамдарды ұрмағанын және пышақ қолданбағанын айтып, телефонды ұрлау фактісін жоққа шығарған. Ал Дидар Қалиахмет өз кезегінде ешкімге зиян келтірмегенін және ұрып-соғуға қатыспағанын мәлімдеген», – делінген хабарламада.
Кассациялық сот іс материалдарын зерттей отырып, бұл уәждерді қабылдамай, екеуінің де өзгелермен бірлесіп әрекет еткенін, шабуыл жасаған топтың құрамында болғанын және төбелес кезінде белсенді болғанын көрсеткен.
Нәтижесінде сот актілері өзгеріссіз қалдырылды. Азамат Тоқтаубаев бұзақылық және ұрлық жасағаны үшін тағайындалған 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатыр, ал Дидар Қалиахмет бұзақылық үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған.