Malim.kz
MALIMet

Шипажайларға арналған жеке заң: "Әділет" партиясында саланы дамытуға қажетті өзгерістер талқыланды

• Алуа Әшірбекова

Қазақстанда мыңнан астам минералды бұлақ бар. Олардың 600-ге жуығының емдік қасиеті ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Осы табиғи әлеуетті тиімді пайдалану, азаматтардың шипажайда ем алуына жағдай жасау, қызмет көрсету сапасын арттыру және отандық шипажайларға инвестиция тарту мәселелері "Әділет" партиясының алаңында талқыланды, деп хабарлайды Malim.kz.

"Әділет" партиясының адами капиталды дамыту, әлеуметтік қолдау және жастар саясаты жөніндегі жобалық кеңсесінің отырысына Құрылтай депутаттары, бейінді министрліктердің, ғылыми қауымдастық пен бизнестің өкілдері қатысты.

"Әділет" партиясы шипажай-курорт саласын дамыту мәселесін жазда, сайлауалды науқан кезінде де көтерген еді. Сол кезде партия өкілдері Ақмола облысының Бурабай ауданында туризм және шипажай саласының қызметкерлерімен кездесіп, саланың даму келешегі мен жергілікті бизнестің мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, партияның сайлауалды бағдарламасында агротуризмді, отбасылық қонақүйлерді, қолөнер шеберханаларын және жергілікті тауар өндірушілерді қолдау көзделген. Бұл ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ашуға, шағын бизнесті дамытуға және туристерге өңірдің табиғатымен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен таныстыратын жаңа бағыттар ұсынуға мүмкіндік береді.

Қазір депутаттар сайлауалды бағдарламаны іске асыру аясында шипажай-курорт саласын дамыту үшін заңнамаға қандай өзгерістер енгізу қажет екенін зерделеп жатыр.

Отырысты ашқан "Әділет" партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев шипажайлардың ішкі туризмді дамытуға, аурулардың алдын алуға, азаматтардың денсаулығын қалпына келтіруге және өңір экономикасын нығайтуға үлес қосатынын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда шипажай-курорт саласында 333 ұйым тіркелген. Олардың 86 пайызы жекеменшік. Саланы дамытуға еліміздің барлық дерлік өңірінде мүмкіндік бар.

"Шипажайда ем алу азаматтардың барлық санаты үшін қолжетімді болуы – ұлт денсаулығын нығайту мен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің маңызды шарты. Ол үшін шипажайлардың инфрақұрылымы мен медициналық жабдықтарын жаңғырту, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарды емдеу мүмкіндіктерін кеңейту және жеке инвестиция тарту қажет. Сонымен қатар шипажай-курорттық саланы дамыту бірегей табиғи кешендерді сақтаумен, экологиялық парктер құрумен және табиғи емдік ресурстарды ұқыпты пайдаланумен қатар жүруге тиіс", – деп атап өтті ол.

Отырыста көтерілген негізгі мәселелердің бірі – шипажайлық-курорттық емдеу туралы жеке заң әзірлеу мүмкіндігі. Құрылтай депутаты Шолпан Каринованың айтуынша, бұл мәселені төрт бейінді комитеттің депутаттары зерделей бастады. Олар министрліктермен, әкімдіктермен және сарапшылармен бірлесіп, саланы дамытуға қажетті заңнамалық өзгерістерді айқындауға тиіс.

"Сарапшылардың пікірінше, бұл бағытта жеке заң жобасын және табиғи аймақтарға, жер қойнауына, сондай-ақ емдік суларға қатысты ілеспе түзетулер әзірлеу мәселесі қарастырылуы мүмкін", – деді депутат.



Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов медициналық оңалту мен шипажайлық-курорттық емдеуді заңнамада бөлек ұғымдар ретінде айқындауды ұсынды. Медициналық оңалту ауыр сырқаттан, жарақаттан немесе операциядан кейін адамның денсаулығын қалпына келтіруге бағытталады. Шипажайлық емдеу аурулардың алдын алу мен денсаулықты нығайтуды да қамтиды.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі шипажайлық-курорттық емдеудің жеке стандартын әзірлеуді ұсынды. Бұған қоса, министрлік Қазақстандағы табиғи емдік ресурстардың құрамы, қасиеттері және оларды қандай медициналық көрсетілімдер бойынша қолдануға болатыны туралы мәліметтерді бірыңғай дерекқорға жинауды ұсынды.

Отырысқа қатысушылар шипажайда ем алудың қолжетімділігіне де назар аударды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елде 151 мыңнан астам жолдама беріліп, 103 мыңнан астам адам ем қабылдаған. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға 26 мың жолдама ұсынылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Айнұр Әбдірахманованың айтуынша, азаматтар қазір Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы шипажайды өздері таңдай алады. Порталда 146 қызмет көрсетуші тіркелген.

Шипажайларды дамыту ішкі туризмге де серпін бере алады. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы Қазақстандағы шипажайларда 413 мыңнан астам адам демалған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға көп. Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұрбол Байжанов жұмыс істеп тұрған шипажайлар туралы мәліметті жаңартуды, инвесторларға қолайлы жағдай жасауды және демалушыларды жыл бойы қабылдауға мүмкіндік беретін сауықтыру туризмін дамытуды ұсынды.



Саланы дамытудың тағы бір бағыты ретінде мамандандырылған шипажайлар желісін құру мәселесі қаралды. Мұндай мекемелерде емдеу бағдарламалары аурудың түріне және жергілікті табиғи ресурстардың қасиеттеріне қарай әзірленуі мүмкін. Бұл туралы Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институтының директоры Саягүл Қайыргелдина айтты.

Отырыста салаға қажетті мамандарды даярлау мәселесі де талқыланды. Қазір Қазақстандағы 281 колледж туризм және қонақжайлылық салалары бойынша маман даярлайды. Оқу-ағарту министрлігі шипажайлардан өздеріне қажет мамандарды даярлау жөнінде өтінім қабылдауға дайын. Өтінімдерді қарау кезінде түлектерді кейін жұмысқа орналастыру мүмкіндігі де ескеріледі.

Бұдан бөлек, қатысушыларға отандық "e-Шипажай" цифрлық платформасы таныстырылды. Платформа пациенттерді есепке алуға және шипажайлық емдеуге бөлінген қаржының жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді. Жүйе бюджет қаражатын жұмсамай, "Бурабай" шипажайында 515 пациенттің қатысуымен сынақтан өткізілген.

Отырыс соңында Құрылтай депутаты Нұржан Ниязалиев шипажай-курорт саласын дамытудың ұлттық тұжырымдамасын әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Тұжырымдама денсаулық сақтау, туризм, инвестиция тарту және табиғи емдік ресурстарды сақтау мәселелерін қамтуы мүмкін.

Отырыс қорытындысы бойынша "Әділет" партиясының жобалық кеңсесі Құрылтай депутаттарымен бірлесіп ұсыныстар әзірлейді. Ұсыныстар кейін бейінді министрліктер мен сарапшылардың қатысуымен пысықталады.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары