Malim.kz
Шоу-бизнес

"Сол жағым түгел ұйып қалды": Роза Әлқожа еске алу кешінде басынан өткен жағдайды айтты

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Белгілі әнші Роза Әлқожа Қарағандыда өткен марқұм Сейілдің еске алу кешінен кейін көңіліндегі мұңын ақтарды. Өнер иесі марқұм екеуіне бірдей диагноз қойылғанын айтып, сахнаға шыққан сәтте денсаулығы сыр бергенін жеткізді, деп Malim.kz тілшісі хабарлайды.

Әншінің айтуынша, еске алу кешіне жиналған жұрттың көптігі сонша, залда ине шаншар орын болмаған. Сахна төріндегі марқұмның суретін көрген өнер иесі көзіне жас алып, онымен бірге өткізген күндерін еске алған.

"Диагнозымыз бір еді. Ол өмір сүрсе біз де жер бетінде ұзақ жүрердей үмітті едік…" – деп жазды әнші.

Роза Әлқожа кеш барысында "Сейіл-жүрек" әнін орындау үшін сахнаға көтерілген. Алайда сол сәтте қол-аяғы дірілдеп, денесінің сол жағы тұтастай ұйып қалған. Өнер иесі сахнада құлап қалудан қорқып, әр қадамын абайлап басқанын жасырмады.

"Кішкентай сахна шаршы алаң сияқты әр қадамымды абайлап басып, құлап қалмасам болды деген қорқынышпен аяқ бастым. Ел керемет көтермелеп отыр. Шыға сала екі көзден жас парлап, сол жағым түгел ұйып қалды. “Дүние-ай?!” дейсің іштей. Өкініш пен сағыныш, қайта оралмас өткен шақ…" – деді өнер иесі.

Әнші еске алу кешінде жарықтың бірнеше рет сөнгенін де тілге тиек етті. Сол күні Қарағандыда жауған жаңбырды марқұмға деген сағынышымен байланыстырып, ерекше әсер алғанын жеткізді.

"Кеше Қарағанды аспаны ағыл-тегіл жылады. Жылап тұрған ағам шығар дедім?!. Бар арман, арзуын айтып тұрғандай?!" – деп жазды Роза Әлқожа.

Сондай-ақ өнер иесі марқұмның есімін ұлықтап, еске алу кешін ұйымдастырған азаматтарға ризашылығын білдірді. Оның сөзінше, Сейіл айналасына адал достарын жинай білген ерекше жан болған.

Дегенмен әнші жазбасында марқұм екеуіне нақты қандай диагноз қойылғанын ашып айтпады.

Роза Әлқожа кім?

Роза Әлқожа – қазақ эстрадасының танымал әншісі, ақын, сазгер әрі журналист. Ол 1981 жылы 1 қазанда дүниеге келген. Әншінің өз айтуынша, туған жері – Жетісай қаласы, ал балалық шағы Өзбекстанның Амангелді ауылында өткен. Ата-әжесінің тәрбиесінде өскен өнер иесі бала кезінен қазақтың әні мен жырына құмар болған.

Алты жасында анасы оған домбыра тартуды үйреткен. Үшінші сыныптан бастап өлең жазып, сегізінші сыныпта ән шығара бастаған. Бала күнінен әнші болуды армандағанымен, ата-анасының қалауымен журналистика мамандығын таңдаған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін және Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің өнер және мәдениет факультетін тәмамдаған.

2002 жылы еңбек жолын журналистика саласында бастап, белгілі журналист Нұртөре Жүсіптің шақыруымен "Ақ жол – Қазақстан" қоғамдық-саяси газетінің өнер бөлімінде қызмет атқарған. Кейін шығармашылыққа бет бұрып, кәсіби сахнаға шыққан.

Роза Әлқожа қазақтың дәстүрлі ән өнері мен заманауи эстраданы ұштастыра білген орындаушылардың бірі. Оның "Мен сыйға тартқан орамал", "Жылатқаның неткенің" секілді әндері көпшілікке кеңінен танылған.

Өнер иесі ән орындаумен қатар, өлең жазып, ән шығарады. Оның шығармаларында махаббат, сағыныш, отбасы, туған жер мен адам тағдыры секілді тақырыптар жиі қозғалады.

Роза Әлқожа белгілі журналист Айдын Қабамен отбасын құрған. Ерлі-зайыпты бес бала тәрбиелеп отыр. Әнші сұхбаттарында өнер жолына түсуіне жұбайының қолдауы үлкен септігін тигізгенін айтқан. Ол екі баласын дүниеге әкелгеннен кейін кәсіби сахнаға қадам басқан.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары