Солтүстік Қазақстан облысында түлкі кешқұрым мектептен келе жатқан балаға шапты, деп хабарлайды Malim.kz.
Жасөспірімнің айтуынша, ол итімен үйге келе жатқан, ал түлкі арттан шабуылдап, аяғынан тістемек болған. Баланың шалбарын жыртып, қолынан қапқан. Қасындағы итін де талап, кейін қашып кеткен.
Қатты қорыққан бала қазір құтырмаға қарсы ем алып жатыр.
Өңірде соңғы уақытта түлкілердің ауылға кіруі жиіледі.
СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мамандарының айтуынша, түлкілердің күн суытқанда елді мекендерге кіруі қалыпты жағдай. Түлкі саны облыс аумағында көбейген жоқ. Сондай-ақ бұл жабайы жануарды елді мекендерде атуға тыйым салынған. Яғни түлкіні тек арнайы аңшылық алқаптарда, аңшылық маусымы ашылғанда, рұқсат құжаттармен ғана атуға болады.
— Құтырма ауруының алдын алу үшін жабайы жануарлар — түлкі, қарсақ сияқты аңдар вакцинациядан өтеді. Ол үшін аудандардың ветеринарлары олардың жолына арнайы препарат-брикеттер тастайды. Бұған дейін осындай 10 мың доза таратылды, осы айда тағы 15 мыңға жуық брикет ормандарға тасталады, — дейді басқарманың аңшылық және балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Михаил Никитин.
Маманның айтуынша, биыл ветеринария бойынша Ұлттық референттік орталық жабайы фаунаны мониторингтеу аясында облыстың Есіл, Тайынша және Мамлют аудандарында зерттеулер жүргізді. Нәтижесінде жануарлар арасында құтырма ауруы анықталмаған.
— Жалпы, облыста құтырма және басқа да жануарлардың жұқпалы аурулары бойынша эпизоотикалық жағдай тұрақты, — дейді Михаил Никитин.