KeshYOU тобының бұрынғы солисі Ләззат Сұлтан әлеуметтік желідегі жазбаларымен оқырмандарын елең еткізді. Әнші бірнеше сторис қатарынан жариялап, көпшілікке әлдебір құпияны ашатындай әсер қалдырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Алдымен ол:
"Бүгін бәрін айтамын!" – деп жазды.
Артынша интриганы одан әрі күшейтіп:
"Барлығына себепші бір адам бар! Соның маскасын шешемін! Дәлелдерім бар", – деді.
Кейін "Дайынсыздар ма?" деп оқырмандарына сауал тастады. Мұндай мәлімдемелерден кейін желі қолданушылары әнші кім туралы айтатынын болжай бастады.
Бұған дейін KeshYOU тобының 20 жылдығына арналған деректі фильмде Ләззат Сұлтанға қатысты да бірқатар жағымсыз пікір айтылған еді. Фильмде топ директоры Ляззаттың ұжымда жүрген кезінде өзге қыздарға сахнада "бір қадам артқа" тұруды айтқан сәтін еске алған. Осы эпизодтан кейін оның топтағы басқа солистермен қарым-қатынасы әлеуметтік желіде қызу талқыланған болатын.
Сондықтан көпшілік Ләззаттың "маскасын шешемін" деген жазбасын сол даудың жалғасы деп қабылдады. Кейбір оқырмандар әнші KeshYOU құрамында болған кезеңіне қатысты бұрын айтылмаған жайттарды жариялайды деп күтті.
Алайда бірнеше сағатқа созылған интриганың соңы мүлде басқа арнаға бұрылды. Ләззат Сұлтан «Сіздер үшін!» деген жазба қалдырып, YouTube желісіндегі сілтемені бөлісті.
Белгілі болғандай, әнші ешкім туралы мәлімдеме жасамаған. Ол осылайша өзінің "Аппақ гүлдер-ай" әнінің жарыққа шыққанын хабарлаған.