Malim.kz
MALIMet

Сөреде бір баға, чекте басқа баға тұрса, не істеу керек?

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы жасалған

Сөреде 990 теңге деп тұрған тауар кассада 1 290 теңге болып шықты делік. Сатып алушы тауарды баға қағазында көрсетілген сомаға сатуды, ал төлеп қойған болса, артық алынған 300 теңгені қайтаруды талап ете алады, деп Malim.kz тілшісі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Дүкен қай бағамен сатуға міндетті?

"Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңның 24-бабына сәйкес, дүкен тауарды сөредегі баға қағазында көрсетілген бағамен сатуға міндетті. Кассир "жүйеде баға өзгеріп кеткен" немесе "баға қағазын ауыстырып үлгермедік" десе де, сатып алушы сол тауарды сөреде көрсетілген бағамен сұрай алады.

Баға қағазынан нені тексеру керек?

Алдымен қағаздың дәл сіз алған тауарға тиесілі екенін анықтаңыз. Мысалы, бір марканың 450 грамдық және 700 грамдық қаптамалары қатар тұруы мүмкін. Тауардың атауын, салмағын немесе көлемін салыстырыңыз. Баға қағазында штрихкод көрсетілсе, оны да тексеріңіз.

Акция бағасы тұрса, қағаздағы ұсақ жазуды оқыңыз. Жеңілдік дүкеннің бонустық картасымен төлеуге, екі дана алуға немесе белгілі бір мерзімге байланысты болуы мүмкін. Акция шартына сай сатып алсаңыз, бірақ кассада жеңілдік есептелмесе, әкімшіге баға қағазын толық көрсетіңіз. Суретке түсіргенде тауардың атауы, бағасы және акция шарты оқылатындай болсын.

Айырманы кассада байқасаңыз

Төлем жасамай тұрып, кассирден тауардың бағасын тексеруді сұраңыз. Мәселе шешілмесе, дүкен әкімшісін шақыртыңыз. Сөредегі баға қағазын көрсетіңіз немесе тауар мен баға бірге көрінетін суретті ұсыныңыз. Бірнеше тауар алған болсаңыз, жалпы сомамен бірге сол өнімнің чекте жеке қаншаға есептелгеніне қараңыз.

Дүкеннен шыққан соң байқасаңыз

Қағаз немесе электронды чекті сақтаңыз. Мүмкіндік болса, дүкенге қайта барып, сөредегі баға қағазын суретке түсіріңіз. Әкімшіге чектегі нақты жолды көрсетіп, артық төленген соманы қайтаруды сұраңыз. Мысалы, "Бұл тауар сөреде 990 теңге деп тұрды. Чекте 1 290 теңге көрсетілген. Айырмасы 300 теңгені қайтаруыңызды сұраймын" деуге болады.

Дүкен ақшаны қайтарудан бас тартса

Сатушыға жазбаша наразылық беріңіз. Онда сатып алған күнді, дүкеннің мекенжайын, тауардың атауын, сөредегі және чектегі бағасын жазыңыз. Қайтаруды сұрайтын соманы және байланыс дерегіңізді көрсетіп, чек пен суреттің көшірмесін тіркеңіз.

Наразылықты дүкенге қолма-қол берсеңіз, өзіңізде қалатын данасына қабылдаған күнін белгілетіп алыңыз. Сондай-ақ оны табысталғаны туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен немесе сатушы бұрын көрсеткен электрондық поштаға жібере аласыз. Дүкен талабыңызбен келіспесе, наразылықты алған күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде себебін түсіндіріп, жазбаша жауап беруге міндетті.

Дүкен бас тартса немесе осы мерзімде жауап бермесе, өңіріңіздегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне өтініш жолдай аласыз. Оған чек пен баға қағазының суретін, дүкенге берген наразылығыңыздың көшірмесін және жауап келсе, соны қоса тіркеңіз. Өтінішті e-Otinish арқылы беруге болады.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары