Malim.kz
Спорт

Спорт министрі Шайдоровтың келісімшартына қатысты дау-дамайға жауап берді

Айбын Атабай
МОҚ

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров төңірегіндегі дау-дамай жөнінде тілшілерге жауап берді. Бұған дейін спортшы өзіне уәде етілген сыйақының төленбегеніне шағымданған еді.

— Михаил Шайдоровтың келісімшартына қатысты мәселе толық шешілді. Келісімшарт талаптары жан-жақты түсіндіріліп, қол қойылды. Бұл — халықаралық тәжірибеге, допингке қарсы агенттіктің және Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) ұсынымдарына сәйкес әзірленген әдеттегі келісімшарт. Біз әрбір спортшы үшін бөлек келісімшарт жасай алмаймыз, барлық келісімде ортақ ережелер қолданылады, — деді министр Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, министр мен спортшы бірге келісімшартты зерделеп шыққан.

— Біз Михаилмен бірге құжатты қарастырып, тұжырым жасадық. Шынында да, екі тараптан да коммуникацияда олқылықтар болған. Орындаушы менеджерлер келісімшарт талаптарын дұрыс түсіндірмегендіктен, осындай жағдай туындады. Екі тараптағы жауапты менеджерлер өз міндетін толық атқармағаны үшін жазаланды, — деді Ербол Мырзабосынов.

Сонымен бірге, тілшілер М. Шайдоровтың келісімшартында 2030 жылғы Олимпиада ойындарында міндетті түрде медаль жеңіп алу туралы тармақтың бар-жоғын және Софья Самоделкинамен жасалған келісімшарт жөнінде сұрады.

— Софья Самоделкинаға қатысты да келісімшартқа қол қойылды. Ешқандай мәселе жоқ. Михаил Шайдоровтың командасы АҚШ-қа екі айға дайындық жиынына аттанады. Келісімшартта қандай да бір қаржыны қайтару міндеті қарастырылмаған. Бұл жай ғана келісімшарт. Барлық спорт түрлерінде бізде белгілі бір болжамдар болады. Қысқы Олимпиада ойындарының алдында да осы жерде медальдарға қатысты міндеттемелер жөнінде пікірталас болған еді. Сол кезде қанша медаль алатынымыз айтылды. Біз бұған дейін сегіз жыл бойы Олимпиада медалін жеңіп алмағанымызды ескердік. Сондықтан осы Олимпиадада кем дегенде бір медаль болады деп міндеттеме алдық. Менің ойымша, бұл міндетті командамызбен бірге барынша орындадық, — деді министр.

Айта кетелік, араға 32 жыл салып қысқы Олимпиада төрінде Қазақстан Әнұраны шырқалған еді. Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров алтын педаль жеңіп алды.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары