Жас Абай  

Бағашар Тұрсынбайұлы

  • 25.01.2021

Махаббат, қызық, мал мен бақ

Көрінуші еді досқа ортақ.

Үміт жақын, көңіл ақ,

Болар ма сондай қызық шақ?

Абай

Жазылмақ эссеге кірісу

Алла жаратып, дәуір тудырып, замана тәрбиелеген, уақыт сынап, халық жадында сақтаған ақыл-ой, ар-ұждан, көркем сөз ғұламасы Абайдың қайран жұртына қалдырып кеткен өлшеусіз мұрасына телміре қараймыз.

Абай қазақ рухының толассыз күресіне қияметке дейін күш салуға әзір. Әптер-тәптер әлемнің қым-қуыт аласапыранынан қалың елін аман-сау алып шықпаққа о баста бекініпті.

Әр жиырма бес жыл сайын Абай тойы келіп, бір шалықтап қалатын әдетіміз бойынша 175 жылдығында да қияға қанат сермеп көрмек болдық. Әлемді бір іннің қуысына сыйдырып жіберген пандемия әсері кең көсілуге мұрша бермепті. Әр кез тойдан қалатын тобықтай тәбәрік дүниелерге жете алмаған күйі азын-аулық шараны мізе тұттық та қалдық. Одан кеміп қалған және Абай жоқ. Жалпы той Абайға емес, бізге керек екен. Осыны түсіндік.

Әр мерейтойы сайын өтетін жиын-той, конференцияларды есептемегенде, Абай жылында ақынға арналып зерттеу еңбектер жазылады. Осы жылы да газет-журнал беті жаттанды Абайға басты. Ойшыл, ғұлама, қазақты сынаған Абай.

Әрине Тұрсынжан Шапайдың «Анық Абай» деңгейінде жазылар бір дүниені күткен болғанымызбен, оны кім жазады. Өмірі Абай туралы жақ ашпаған журналисі бар, жазушысы, ақыны бар, шенеунігі тағы бар – бәрі шетінен «абайтанушы» болды да шықты.

Басылымдардың бір жыл бойы Абайды насихаттағаны қуаныш боп көрінгенімін, оның бір өкініші бар. Енді келер мерейтойға дейін дәл осылай абайшыл бола қоюымыз екіталай.

Тұрсын Жұртбай ақын өлеңдерінің текстологиясы жөнінде бір монография жазды. Неше жыл төккен тердің жемісі. Әуезов заманынан таласы бітпейтін өлең сөздердің ара-жігінің нүктесі бұл кітаппен де қойылмақ емес.

Абайдан қалған мұра қайта жаңарып, бұрынғы екі том жинақ Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы алғашқы жинақтың факсимилесі мен транскрипциясын, Абайдың музыкалық мұрасын нотасымен қосып, үш томдық академиялық жинақ боп, оқырмандарына қайта жол тартты.

Бұрынғыдай Жидебай басы у-шу болмады. Ат шауып, көкпар тартылмады. Жаңарып шыққан академиялық жинақтың өзі аз олжа болған жоқ.

Туғанына 175 жыл толған бабадан қалған мәңгілік мұраны парақтап отырып, кім болса да, қалың ойға қалады. Әр қазақтың жүрегінен орын таппаса да, әр қазаққа жүрегінен орын берген Абай баяғыша бізбен бірге.

***

Біз алдыңғылардай той көрмедік. Дүрліккен елді, дүбірлеген бәйгені тамашаламадық. Мызғымас Абайдың рухани дидарына қайта бас қойдық.

Үнемі айтылатын сөз: Абай феномені қалай шықты? Алдында үлгі жоқ. Заманы да тар кезеңге тұспа-тұс келді. Дәл сол кезең қандай уақыт еді?

Жік-жікке, болыс-болысқа бөлінген ту талақай қазақ жазирасының өкпесі тарылып, жүрегі қысылған уақыт. Шартарап дүниенің тұтқасы – білім шырағы қиыр-қиырға сәулесін түсіріп баққаныменен, патша үкіметі сол шырақты қара қанатымен көлбеп, дүние дидарын көрсетпеді. Бірен-саран жағдайы жеткен бай, аға сұлтан балалары ғана Омбы, Түмен, Петербор асып оқып жатты.

Мұсылман халықтарының зиялылары жәдидтік көзқарасты әкеліп, өз халықтарын құтқаруға жанталасты. Кішкентай ұлттардың алып империяға шамасы жетпесін білген көсемдер туыс елдердің басын бір тудың астына жинамақ болды. Гаспыралының «Тәржіман» журналы ағартушылық бағытта қызу жұмыс істеді.

Қысылғанда қайрат табатын жаратылыс заңдылығы ма, әлде бір Құдайдың ғажайыбы ма шығыстан шыққан күндей болып, қазақ сахарасының күн шығар тұсындағы мөп-мөлдір Сыртқасқабұлақ басында дүние есігін Абай ашты.

 

І

Жастайынан ойынға емес, ойға әуестенген бала Абайдың тілі кеш шығыпты деседі. Бала болып ойын қумай, бір отырған жерінен тапжылмайды екен. Ерке інісі Оспан қиғылық салып, Ұлжан анаға ылғи шағымданады. Сонда айтатыны – «Абай менімен ойнасын!».

Маңғаз, момын, сабырлы бала тұрпаты бұл жағынан атасы Өскенбайдың мінезін мұра еткендей. Ахат Құдайбердіұлы мен Ниязбек Алдамжарұлы естеліктерінде Өскенбайдың бір орында отыра беретін бала болғанын жазыпты.

Өскенбайдың шешесі Ермек ана – керей Ер Жәнібек батырдың ағасы Есіргемес батырдың қызы. Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбай Жәнібек батырдың көп жорықта жанында жүрген серігі болған. «Екі асылдан ер туар» деп қарындасы Ермекті жолдасына айттырған батырдың мәрттігі көрегендікпен жалғасып жатыпты. Ермек ана тағы бір ұлы Мырзатай аурып жатқанда, басынан Өскенбайды айналдырып, ұшықтамақ болады. Сол кезде осы ауылда болған Жәнібек батыр: «Әй, сендер кісі танымайды екенсіңдер. Мынау Өскенбай бір орында отырып төрт тарапты түгел жинаймын деп отыр ғой. Мырзатайларыңды өздерің-ақ жақсы ғып алыңдар. Өскенбайға тисуші болмаңдар», –  депті.

Болар баланы бесігінде таныған батыр сөзі – сөз-ақ, көзі – көз-ақ. Өскенбай да өз атасы Айдосқа тартқан шамасы. Айпара анамызға қатысты айтылатын әйгілі аңыздан Айдостың момын, шаруа адамы болғаны белгілі. Айдостың Ырғызбай, Көтібақ, Топай, Тортай деген төрт ұлы болған. Осы төрт ұлға дүйім жұртты аштықтан тапқырлығымен аман алып қалған, өткір тілді Айпара ананың берген бағасы естеріңізде болар.

Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбайым,

Тоқпақ жалды торы айғыр Көтібағым.

Әрі де кетпес, бері де кетпес Топайым.

Сірә да, оңбас Тортайым.

Ана таныған балалардың бағасын тарихтың өзі дәл осылай дәлелдеді. Айырықша Ырғызбайдан ерекше Өскенбай туыпты. Ал Өскенбайдан туған Құнекең ше?

Құнанбай дүниеге келерде Зере анамыз Өскенбайдың төрде алтын сақа иіріп отырғанын түсінде көріпті деседі. Тұрсын Жұртбайдың «Құнанбай» еңбегінде жазылған мына бір аңыз қажы ата болмысын одан әрі ажарландыра түспей ме?

Құнанбай ес біліп қалған уақытта анасы Зере Кеңгірбай биден бата сұрай келіпті. Алдында бір-екі рет келгенде бата бермей кері қайырып жүрген көрінеді. Бұл жолы би: «Тоғыз ата толғанша түңлігіңді ешкім ашпасын» деп теріс ба­та беріпті. Келіні Зере, жас Құнанбайды ер­тіп, жасын етегіне төгіп кетіп бара жатады. Кеңгір­бай­дың бәйбішесі бұл қылығын түсінбей: «Бұның не?» дегенде: «Сыртқа шығып, артына қарашы», – депті. Бәйбішесі сыртқа шықса, Зере мен Құнанбайға ілесіп екі ит кетіп бара жатады. Соны Кеңгірбайға айт­қанда: «Ол ит емес. Қасқыр. Менің үш көк қасқырым бар еді. Теріс бата бергенімнің өзінде екеуі Құнан­бай­мен кетті. Менің де ұрпағыма бір нәрсе қалуы керек қой», – депті. Сол ұрпағына қалған жалғыз қасқырдың бейнесіндей болып бүгінде Жидебайға барар жолдың үстінде Ералы жазығы жатыр.

Мұхтар Мағауинның жазуында Абайдың жетінші атасы Сары Есім ханның айтулы батырларының бірі болыпты. Осы Сары батырдың бәйбішесі Тұрсын ханның қызы Қоңыр-бике екен.

Осылайша бабаларының да, аналарының да асыл туғандары айнала жұртқа аңыз болған Абайдың тілі шығып, ес білген шағы екен. Анасынан:

– Апа, мен туған күні үйдің іші қызылды-жасылды болып тұрып еді. Ол не деп?, –  сұрапты.

– Есіме түсірсем, сол күні жүн бояп, кептіріп қойып ек, – депті анасы.

Бұл аңыздың түбінде шындық бар, я жоқ. Акира Курасава анасына алты айлығында қалай жуындырғанын айтып беріпті деседі. Осы қисынға иланғанда, біздің хәкімнің «қызылды-жасылды үйі ішіне» сенуге әбден болады.

Бір дәуірдің тұтас шежіресін құйма құлағына жиып, жүрегінен өткізген асқан ділмар, марқұм Бекен Исабаев «Ұлылар мекенінде» Абай тумысына қатысты тағы екі аңызды айтады.

Біріншісі:

«...Абай 9 жасында есінен танып, қатты ауырып, анасы жолаушы жүрген әкесін шақыртып алыпты. Құнекең іңірде Ұлжанды ғана ертіп, есін білмей жатқан Абайдың денесін көреді. Жарықтықтың ыстығы бет шарпыпты. Денесі білеу-білеу боп іскен, қып-қызыл екен. Құнекең: «Ә, бұрын қуаты ішінде жүр еді. Сыртына шыққан екен. Денесін ешкімге көрсетпе, бәйбіше», –  депті.

Абайды оған дейін ауылда ұстап, тоғыз жасында Семейге оқуға беруі осы әңгімемен байланысты емес пе екен?»;

Екіншісі:

«...Шәкірт Абай қала көшесінде келе жатса, айдауыл бір адамды айдап әкеле жатыпты. Жаз. Күн өте ыссы екен. Әлгі адам Абайлар қасына кеп тұра қалып, бала Абайды көріп:

Басы көнектей,

Бөксесі сенектей,

Құлағы шұнақ,

Кеудесі аққан бұлақ,

Құлжа мойын төгерек,

Бұдан артық не керек,  – деген. Абай полиция басқармасынан босаттырып алса, ол ұлты өзбек, сыншы адам екен».

Құнанбайдың жолдастары «Осы, ана Ысқақ бір жошын! Бір түрлі пысық та сергек неме!» деп балаларын сынап отырғанда, «Одан да, не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтсеңдершi!» деген әке сөзінен де ұлды таныған кепті байқаймыз.

Бұл бала Абайдың қазақы танымдағы сыннан өткен кезеңдері. Кісі тану қазақ үшін ерекше жағдай саналады. Абайдың өзі де кейін ел ағасына айналған жасында батырды да, балуанды да, шешенді де, көсемді де бір көріп таныған, білген. Оған мысал, Бесбесбай батырды, Омар, Нұрмұхамед балуандарды, Көкбай бастаған ақын шәкірттерін таныған хикаялары дәлел. Әрі ол қызығы мол бөлек тарих.

 

***

Біз Абайды алдымен ақын деп білеміз. Оның шешендегі, тапқырлығы өз алдына, әрине. Естияр шағынан өлең-жырға құмар болған Абайдың ғұмырнамасынан мысал іздегенде сөзден жеңген де, жеңілген де сәттерін көп кездестіресіз.

Филология ғылымдарының докторы Бауыржан Ердембековтің жазуынша, Абай жас күнінде осы нағашыларына бармақ болады. Ойын әкесіне айтқанда:

–  Балам, баруыңа қарсылығым жоқ. Өзіңе айтарым, сөйлер сөз, айтар ойыңның аңысын аңдағайсың, – дейді.

Бір күні нағашысы Тонтай екінті намазын тез-тез бітіргені, әрі діни қағиданы бұзып аяттарын шатастырып оқығаны Абайға өрескел көрінеді де:

–  Нағашы, намаздың шариғат белгілеген қағидасын бұзып, төте тартатын жолы да болады екен-ау, – деп мысқылдап қойған сауалына нағашысы:

–  Иә, балам, бұл сұрауың өте орынды. Әрі сенің бұл айтқаның Имам Шафиғидың тар жолына жатады. Бірақ біз пір тұтатын Имам Ағзамның жолы біреу-ақ: Яғни әлем қандай кең болса, оның шариғаты да сондай кең. Анау-мынау ұсақ-түйек қателіктер кешіріле береді. Өйткені, ол қағида «аттың жалы», «түйенің қомы», «садақтың оғы» сияқты қатал, қатыгез емес, – деп жауап беріпті.

Абай қайтқан соң әкесіне:

–   Тонтайдың осынау ойланбастан айтқаны, әрбір атаумен атаған өте кескінді, әм зәрлі сөзі өкпеме найзадай қадалды, –  депті.

Құнанбай:

–  Я, бұл жұмбақ сөзді қалай түсіндің?,  –  деп ызғарланған екен.

Абай:

–  Шешімін әділдікпен тура айтсам, «Аттың жалы» дегені – Еңлік, Кебекті атқа сүйретіп өлтірткен қатыгез Кеңгірбай бидің билігі. «Түйенің қомы» дегені –  Қодарды келінімен түйеге теңдеп өлтірткен билердің үкімі. «Садақтың оғы» деп өкіне айтқаны –  Қалқаман, Мамырды садақпен тартқан Көкенайдың қаталдығы деп түсіндім. Бұл сөздер Тобықты еліне таңба боп басылғандай сезіндім, бармағымды тістей-тістей аттандым, –  депті.

Нағашы сөзінен тосылып қалған болса да, сөзінің шешуін тапқан Абайдың өзінде гәп жоқ. Жұмбақ шешуін тапты. Ал нағашыларының «үшеуіне бір сыбаға берген» әйгілі оқиғадан жас Абайдың өткірлігі байқалады.

«Жасымда албырт өстім...» деп өзінің айтқанындай, Абай жас күнінен еркін, тура айтатын, көп ешкімді мойындай бермейтін бала болады. Ол әдеті өмір бақи сәлем берген кісінің сәлемін алмай отыра беретін қылығынан да байқалады. Шаруамен келген кісі, кіре сала шаруасын айтпаса, тағы жақпайды екен. Құстың алғырын, аттың жүйрігін, балуанның мықтысын ұстаған қызығушылығы да бала кезден қалыптасқан. Бұл, сірә, қанда бар қаракөктік пен қоса, баршылықта өскен тұрмыстың да әсері шығар.

Мұратбек Бөжеев «Замана кейіпкерлері» еңбегінде Абай арналған бөлімде ұлы ақынның оқудан кейінгі кезеңіне аз-маз тоқталады.

«Құнанбай әлі жас Абайды даулы, жауапты істерге салды десек, Құнанбай сияқтылар: «Ораздының баласы он үшінде баспын, – дейді, оңбағанның баласы отызында жаспын, – дейді, баланы не іске ерте баулыған жөн» – дейтін. Жуан ауылдың үлкені айтсын, кішісі айтсын «құба-құп» деп, бас шұлғитындардың ол кезде аз емес екенінде, осының өзі көшпелі қазақтардың бір әдетіне айналғаны да есепке алынатын. Жас Абай, әрине, терең парасатқа сүйеніп жұмыс жүргізерлік өре көрсетпеген. Ол, көбінесе, тапқыштық, қарсы дау айтуға шеберлік білдіру ісіне машықтанады, билердің, пысықтардың өз логикасына салып, өздерін сөзден сүріндіре береді. Олар ойларын мысалдап дәлелдесе, Абай да солардың әдісіне салып, бұған өзінің тапқыштығын қосып, жас шағында-ақ шешендікке үйренеді. Абай үлкен айтсын, кіші айтсын, шешен айтсын, олардың керектісін таңдап үйренеді. Өзінше сөздің бұрыс жағын сезсе, ондайда әкесі айтқанын да мақұлдай бермеген. Өмір ісіне тетеусіз қарап, «Атамыз солай деген екеннен» ары бармауды місе етпейді. Адамшылыққа, халық жағдайына, оның келешегіне, игілігіне байланысты ой айтудың қажет екендігін түсіне бастайды», – дейді М. Бөжеев.

Төлеу Көбдіков мынадай бір естелік айтады: «Құнанбайдың замандасы Қаратай дейтін, өзін ірі ұстайтын сөзшең адам болған. Ол бір күні Абайға: «бұрынғы адамдардан кейінгілер ақылды болады депсің, рас па?» – дейді. Тегі бұл Абайдың аузынан шықпаған сөз болса керек. Бірақ Абай: «Рас», – деп жауап береді. Екеуі сол арада недәуір сөз таластырып қалады. Сөзден сүріне берген Қаратай: «Дүниенің нұры Мұхаммет пайғамбар заманына бір тұрған заман жуық емес пе?» – депті. Абай: «Дүниеге жарық нұр беретін күн. Күнге биік таудың басы жақын. Бірақ сол биік таудың басында қысы-жазы қар жатады. Заңғардың күнге жақын басы адамның пайдасынан аспайды. Ал сол таудың жарық етегі, алқабы күнге алыс, онда неше түрлі жеміс, шөп, егін өседі, адам баласы, жан-жануар солардан қоректеніп тіршілік етеді – сіздің пайғамбарға жақындығыңыз, сол қарлы таудың күнге жақындығы сияқты емес пе?» депті.

Абай сөзін ұнатпаған Қаратай, оны әкесі Құнанбайға шағып мұқатпақ. Қаратайдың сөзін қостаған Құнанбай «үлкеннің сөзін тыңдамауды әдетіңе айналдырдың» деп Абайды кінәлайды. Абай бір сөз айтпай, үндемей отырып қалады. мұны көріп құмары қанған Қаратай Абаймен үй алдында кездесіп: «Ә, бала, қалай екен? Шешендік қайда? «Ләм-мимге» жарамадың ғой», – дейді. Абай: «Сіздің әділдігіңіз қайда? Әкем мені ақылмен, сөзбен жеңіп үндетпеді ме? Сөздің жөнін айтсам, күш жұмсағалы отыр. Сіз мені тең сөйлестіріп көріңіз, әйтпесе көпе-көрнеу зорлықты қостағаныңыз қалай?» – депті.

Жас Абайдың байыпты пайымы.

Еркін, бұла өскен Абай кіді, шамшыл адам болған деп жазады Мұхтар Мағауин ақсақал. Абай ел ісіне араласып, аты шыға бастағанда Құнанбай үш ұлын бірдей үйлендіреді. Бәріне енші беріп, бір-бір ауыл етеді. Абай Орта жүз, Қаз дауысты Қазыбектің ұрпағы Алшынбайдың немересі, Түсіптің қызы Ділдәні жар етіп алады.

М. Әуезовтің жазғаны:

«Ділдәні алғаннан кейін Абай Алшынбайға сәлем бере, амандаса барады. Қайтарда қайыны әдет бойынша, «қалаған, сұрағаны бар ма?» деседі. Сонда Абай шұбар айғырдың үйірі деген бір қысырақты алғысы келгенін айтады. Мұны Алшынбай бере алмай, «батамды алсын!» дейді. Абай: «Ондай батасын сатқан шал өзімде де бар» деп, Алшынбайға бармай кетіпті».

«Бұл жерде мәселе асыл тұқымды бір үйір жылқыда ғана емес. Күйеу баласына онсыз да бата беруге тиіс Алшынбай қараулық танытып, қазақтың рәсімін бұзды. Он бес жасар Абай өз ісін оң санаған, соған орай қатқыл мінез көрсетеді» деп жазады Мағауин.

 

***

Абай өмірі – біз айналып соға беретін таусылмас қазына.

Абайдың оқуға мойын бұрған кезеңі отызды орталаған шағы болса керек. Турағұл Абайұлының естелігінде де, М. Әуезовтің жазған мақаласында да Абайдың оқуға ден қойған уақыты айтылады.

Абайдың жастық кезі ел ісіне, дау-шарға араласумен өтеді. Талантты ұлды таныған әке оқуға бергеніменен өз ісін жалғайтын орынбасар көреді.

Ел іші Абайдың басын ары да, бері сүйрейді. Абай жиырмадан асқан шағында-ақ күллі Тобықтыға сөзін өткізіп, дегенін болдырып тұрған жігітке айналады. Бар қабілеті ел билеу ісіне жұмсалғандықтан, дарынды ұл еш қиналмастан жұртты меңгереді.

20 жасында Құдайберді ағасының орнына кандидаттыққа бір сайланғаны болмаса, 1898 жылға дейін Абай болыс болмапты. Оның өзінде халық екіге бөлініп, берекесі кеткенде халық өзі сайлапты. Ысқақты болыстыққа қойып, қалың елді жеңіп келгенде Абай 27 жаста ғана екен. Сол аралықта яғни (1865-1898 жылдар аралығында) кімді болыс қылам десе де, Абай өзі біледі екен. Болыс болғысы келгендер халықтан бұрын, Абайға жағуды ойлаған.

Осы уақыттарда Абайдың дұшпаны көбейді. Жақыны сатады, досы алдайды. «Қиындықты көре-көре келген» Абай жастық шақтың қадірін, бағасын түсіне бастайды.

Жастыққа көзқарас әркімде әрқалай. Көп адам өздері есейіп кеткен соң, жастарды түсінбейді. Екі жақ бірін-бірі кінәлайды. Ескі мен жаңаның арасындағы күрес бұрыннан бар болғанымен, оны бұрыннан келе жатқан майдан деп ұққан ешкім жоқ. Әркез тура бүгін басталғандай шайқас жүріп жатады.

Ал Абай өзі де жас болғанын ұмытпайды. Әрине, кейінгілерге көңілі толмайды. Бірақ жастың қатесіне бола ақын оларды жазғырмайды. Түсінуге тырысады және жол көрсетеді.

Дүние дөңгелегі тоқтап қалған кез жоқ. Жас та жастығынан өтеді. Оның да маңдайы тасқа тиеді. Сонда алдыңғыларды түсінеді. Одан кейінгі жастар да бітпес майданды бастайды. Ақын соның бәрін, іштей бағамдап, түсініп алған.

Абайдың жастыққа көзқарасы, міне, осы.

 

ІІ

«Қуанбаңдар жастыққа» деген Абай өлеңі бар. Бұл өлең жастықтың қадірі туралы емес. Тағдыр туралы, өкініші басым өлең. Ертең сені не күтіп тұр, соны білмейсің, бүгін жас екенмін деп лепірме, ертеңіңнің жақсы болуын тіле деген өлең. Адам жас кезінде жастығына қуанбауы керек. Адамның қуанышы қарттыққа тура келсе қандай жақсы.

Абай кемеңгер, сонымен қоса – пенде. Абай жастығында қуанып қойған, жастығына алданып қалған адам. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп өлең жазатыны сол. Ал өлеңнің өзін кеш бастағанын білесіз. Өйткені ел ісінен көп қолы босай қоймады. Өлеңді шығарып, ақындығы байқалып жүргенмен, оған жас күнінде біржола бет қоймады. Абайдың жастығындай жастық кімге бұйырыпты о кезде. Беделі, сөзі, ақылы, қайраты бәрі жымдасып келген жастыққа Абай қуанбағанда қайтеді? Ол қуанғаны Абайдың Абайы жоқтығынан. Ал біздің Абайымыз болса да, сондай жастық болса қуануға шақ тұрамыз.

Сүйікті інісі Оспан дүниеден өткен соң, Абайдың қайғысы басталды. Әбіш кетті, Мағаш кетті. Ел іші алауыз болды. Қартайған кезінде барақат тауып отыруы тиіс Абайдың машақаты басталды. Жас күнінде аса жұмсала қоймаған қайрат енді қажет болды. Сол қиындықтарды көріп жүрген жасында, елу беске келген кезінде Сқақ Махмұдов деген бай ноғайдың немерелері Абайдың үйіне кеп отырғанда, осы өлеңді айтыпты.

Қуанбаңдар жастыққа,

Елерме күлкі, мастыққа.

Көзің қайдан жетеді

Достық пенен қастыққа?

Құрбыңның қызық дегенін,

Сөз екен деп ап шықпа.

Адалдан тапқан тиынды

Сал да сақта қапшыққа.

Қолдағыңды қорғап бақ,

Мал арзан деп аптықпа.

Сыпайы жүр де, шаруа ойла,

Даңғойланып қаптықпа.

Бет алды жанға бой салма,

Қорлық жүрмес сақтыққа.

Елу бесте біз-дағы

Сенісер адам таптық па?

Арыз құмар болғандар

Опыр-топыр, шаң-шұққа

Түспей жүр ме, көрдің бе,

Жалаң-жұлаң, тақ-тұққа?

Жасы ұлғайған Абайдың жастық шаққа деген көзқарасы алабөтен. Жастықты қадірлейді. Жас кезде адам жіберетін қателіктің бәрін біледі. Өзінің жас күнінде қадіріне жете алмаған дүниелеріне ендігі жастар жетсе екен деп арман қылады.

Жастық – шылқыған потенциал. Жастық – албырт, ақылсыз, ойсыз. Адам өмірінде бар тәжірибесін жас күнінде жинайды. Бар қателікті де жас күнінде жібереді. Бірақ қанша толқын алмаса да, қайталана беретін қателік адамзатқа ешқашан сабақ болмапты. Үлкендердің жинаған тұрмыстық, рухани тәжірибесі кейінгі жасқа үлгі де бола алмапты.

Абай жастардың түзеліп кетпесін біледі. Даңғойланатынын да, аптығатынын да, еліретінін де сезеді. Бірақ жас адам бұның бәрінің өткінші екенін, қате екенін түсінсін деп айтады. Адамның табиғаты да сол – қате екенін біліп тұрып, істейді. Жастыққа бәрі жарасады деген қатып қалған түсінік барлық кемшілікті жуып-шаятындай көрінеді. Әлі күнге осылай. «Максимализм жас адамға жарасады», «жас қой», «жастықтың оты» деген тіркестер қазақтың ғана емес, барлық ұлттың санасына әбден сіңген қағида болса керек-ті.

Үлкен адамның жас балаға ақыл айтуға әбден моральдық хақы бар. Ал жастың тыңдамауға құқығы бар ма? Егер тыңдаса ақылды да, тыңдамаса ақылсыз ба?

Адам жас күнінде бәрін қабылдап жатырмын, бәрін меңгеріп жатырмын деп ойлайды. Бірақ олай еместігін өзі де түсінбейді.

Анық білмейтін дүниесіне білемін деп, оған ешқандай шәк келтірмейтін кеудомсықтық албырт жастықтың өзіне тән ерекшелігі болса керек.  Ал өмірдің мол тәжірибесін жинап, дұрыс айтып тұрған адамның шындығына жете алмаған күйі қаламыз.

 

***

Көзің қайдан жетеді

Достық пенен қастыққа?

***

Елу бесте біз-дағы

Сенісер адам таптық па?

Тапқан жоқ. Бірақ үлкеннің өмір сүріп келіп, дос таппағанына жас тағы сенбейді.

Абайдың жастық шағы қалай өткенін толық тауып айта алмаспыз. Оның жастықты қалай түсінгеніне де бойлап бару тым қиын. Бұл Абайдан әлдеқандай пұт жасап, көзсіз тамсану емес. Өйткені әр адам өмірді өз жүрегінше қабылдайды. Ал ақын жүрегі нені сезгенін бүгін біз бір ғасырдан астам уақыт кейін тұрып, қалай болжамақпыз?

Абайдың 39 жасында жазған «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» өлеңін алайық. Бұл өлеңді Турағұл Абайұлы 1884 жылғы болыстық сайлаудан кейін жазғандығын айтады: «Әкем айтып отырушы еді: қайғы жас жүрекке қатты батады екен, Бәкемнің өліміндей қатты батқан өлім көрмедім деп (Құдайбердіні «Бәкем» деуші еді).

Ысқақтың үш сайлауынан кейін Бәкемнің орнына беремін деп, жиырмадан жаңа асқан Шәкәрім қажыны болыстыққа сайлатыпты. Шәкәрім қажы болыс болған соң астыртын ел құрап, әркіммен анттасыпты. Келесі сайлауда Оспанды сайламақ болған екен, оған ел де, Шәкәрім қажы да қарсы болып, барлығы адал деп, әкесі үлкен қажының айтқанына бұрылмай, сеніп жүрген достары, құдасы бұзылып, Күнту дегенді болыс сайлаған жерде бір-ақ біліпті.

– Ел бұзылды, сені алдап жүр, – деп Ысқақ келіп айтса, Ербол деген досын шақырып сұрапты, ол:

– Жоқ, Абай, Ысқақ бекер айтады, – десе сеніп отыра беріпті, өзі азырақ сырқат екен.

Бұл сайлау 1884 жылы болған, содан кейін достан, елден түңіліп, соққы жегендіктен осы өлеңдерді айтқан секілді: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман»...

Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,
Ашуың – ашыған у, ойың – кермек.
Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық,
Кім көңілді көтеріп, болады ермек?

Адамның жастық кезден өткендегі қалыбы. Рас, 39 жасты бүгінгі өлшеммен қарамауымыз керек. Оның үстіне Абайдың 39-ы біз ойлаған деңгейде емес. Бірақ жас күніңді ашуың тез қайтқыш, ойың таза, мұңдасарға кісі көп еді ғой. Енді не болды?

Абайға жастық сонысымен қымбат. Дос көп, сырлас мол. Мейлі кейінгі өмірде олардың қатары сиреп, азайсын. Тіпті, жоқ болсын. Бірақ нақты бір кезеңде бәрі жаныңда болды ғой.

Енді өмірдің бел ортасына келгенде ешкім қалмапты. Турағұлдың естелігіне сүйенсек, Ербол сатып кеткен уақыт. Абай қартықты жазғырмайды, келе жатқан кәрілікті жек көрмейді. Және қайта жас болуды да ойламайды. Тек сол кезеңде тапқан досты аңсайды. Яғни жастықты сағыну – досты сағыну.

Өмірде адаммен адамның түсінісуінен қиын ештеңе жоқ. Адами қарым-қатынастан тұратын тұрлаулы ғұмырдың тұрақтылығына жақсы қарым-қатынас арқылы жетесің. Көкейіңдегіні айтқызбай ұғатын достың керегі анық. Бірақ қайда сол дос? Таба алмайсың. Ендігі кезде шамның жарығымен де көзіңе түспейтін достық бір кезде сондай анық, аяулы емес пе еді?

Дос-асықтың болмайды бөтендігі,

Қосылған босаспайды көңіл жігі, -

деп еді ғой.

Бір кездері жап-жақсы түсініскен, сырласқан адамың енді бір қарасаң, өзіңді сынап, сені дұшпан көріп жүргендермен бірге сыбырласып отырады. Біреудің өсегіне еріп, біреудің пікіріне сеніп бұзылатын қарым-қатынаста бір ғана нәрсе көмекке келеді. Ол – жеке пікірің. Егер басқа жанның пікірін есепке алар болсаң, көп дүние сен қалағандай болмайды. Ал жүрегіңді тыңдау – әрқашан өзіңді тыңдау. Өзіңмен болу – өзің болу. Бұл қалыптасқан инсанның белгісі болса керек-ті.

Ал жас күніңде – «кімді көрсең, бәрі дос». Алалау жоқ, бәрімен тіл табысып кеткің келеді. Бәрімен достасқың келеді. Бірақ ондай мүмкін емес екенін кейін түсінесің. Абайға салсақ, сол ештеңені «түсінбейтін» таза кезің жақсы екен. Кейін айланы да, ақылды да, қулықты да меңгере бастағанда, ішкі бір есеп әр қатынаста тұратындай көрінеді. Адам есептесемін деп ойламауы мүмкін. Бірақ әлсіз пенденің тіршілік қамы неше түрлі ой салады. Бұны шайтанның салған уәсуәсасы дейсіз бе, нәпсінің ниеті дейсіз бе, әлде іштегі бір бұғып жатқан пиғыл дейсіз бе, өзіңіз біліңіз. Әйтеуір жан болмысының күрделілігі сондай, жүз пайыз тазамын деп айта алмассыз.

Осындай болмысқа сырлас та, дос та керек. Ақынның насихаты осы.

Буынсыз тілің,

Буулы сөзің

Әсерлі адам ұлына.

Кісінің сөзін

Ұққыш-ақ өзің

Қисығын түзеп тұғырға.

Сезімпаз көңіл,

Жылы жүрек,

Таппадым деп түңілмес,

Бір тәуір дос

Тым-ақ керек,

Ойы мен тілі бөлінбес...

Қандай өлшем! Соңғы бір тармақта-ақ бар салмақ жатыр. Досқа арттар үміт, қояр сын да – сонда. Адамгершілік деген ұғымға сыйып кете беретін бар жақсы қасиеттердің бірі осындай жолдастық болса керек. «Жолдастық, сұхбаттастық – бір үлкен іс» дейтіні де сол ғой.

Достығыңа ешқандай шағым айтпайтын, достығын міндет көрмейтін көңілдің жаныңда болғаны қандай жақсы. Адам достан пайда күтпейді. Адам досты пайдалануды ойламайды. Достық – Абай айтпақшы, босаспайтын көңіл жігі. Бүгінгі заманның өлшемімен алар болсақ, күнде хабарласып, хал сұрасып тұратын, бір-біріңе ауып тұрған көңіліңді демеп, «досыңа достық – қарыз іс» деген өлшеммен сыйласу, сырласу. Қолдан келсе, көмегіңді аямау. Қолдан келмесе, қолдау. Сөзбен, ниетпен.

Әсіресе, бір шаруа кезінде достың қас-қабағына қарау тағы керек. Көңіл жігі босамау үшін барыңды сал. Бірақ бір жақты, жауапсыз достық тағы болмайды. Ол адамды күмәнға қалдырады. Сенімнен айырады. Жүрегіңді де жаралайды.

Біздің доспыз, асықпыз дегеніміз

Жалғандықпен жасалған көңіл жүгі.

Осындай болып қалмасын деп ойлайсың. Бұл жалғандық рияға апарады. Абай соны біледі. Кеш түсінеді. Жас күнде оны бағамдай алу мүмкін емес. Жастықтың өз түсінігі, өз өлшемі бар. М. Әуезов жазатын Құнанбайдың Абайға айтқан сөздері мен баланың жауабында да шындық бардай көрінеді. Бірақ өмір шындық әке жағында екенін дәлелдеді.

Құнанбай айтады: «Ең әуелі – сен жұрттың бәрімен күліп сөйлейсің. Жайдақ су сияқтысың, жайдақ суды ит те, құс та жалайды, кісілерге қадірі болмайды. Екінші, кім көрінгенге жақын боласың, кісі талғамайсың. Желбегей жүрген кісінің қасына ел үйірілмейді. Елді алатын қылық ол емес. Үшінші, орысшылсың, орыстың дұшпандығын ұмытасың».

Абайдың жауабы: «Қолында құралы бар бірен-саранға тиетін шыңыраудағы судан да, қойшы-қолаңшы, жалшы, жақыбайдың күллісі бірдей мейірін қандыратын жайдақ су артық деп білемін... Орысшылсың дегенге: «Заман орыстікі, ол жеңген, біз жеңілген елміз. Ендігі күнде алысатын дұшпанның айласы мен әдісін білу керек. Мен орыстың өзін сүймесем де, өнері мен ебінен үлгі аламын».

Абайдың сөзі – ақылдың сөзі. Ондай сөзді Құнанбай білмей отырған жоқ. Жас Абайға өмірде жас ойлағандай болмайтынын, ақылды сөздер ғана айтылып, әрекетте мүлде басқаша болатынын түсіндіріп отыр. Бірақ жас Абай өз сөзін айтты. Әке қабылдады. Өмір өтті. Көз жетті. Құнанбайдың таққан айыбы өмірге жақын екенін Абай өзі де кеш түсінді. Ерболдармен достығын о баста жақтырмаған әкені Абай тыңдамап еді. Енді қырыққа келер жасында бармағын тістеп, өлең жазып отыр. Енді Абай Құнанбай орнында. Жастарға жастық, достық туралы айтады. Бірақ өмір қайталана беретін құбылыс... Жастар тыңдамайды. Біздің де тыңдап, қарық қылып жүргеніміз шамалы емес пе?..

Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман, 
Шошимын кейінгі жас балалардан.
Терін сатпай, телміріп, көзін сатып,
Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман.

«Анығында, бұл жылдары Абай қартайған жоқ. Оны жасынан ғана айыру керек емес, халық қамқоры боп, азамат ақын боп, осы жылдан бастап жазған сөздеріне қарасақ, ақын анық үлкен тартысқа барынша белсеніп кіріседі. Ызалы ашумен, қайсар қайрат, өнімді қажырмен араласады. Сондықтан, қажыған адамның әлсіреп, қартайып, ой қуаты, жүрек оты бәсеңдеген күйін көрмейміз. Олай болса, жаңағы «Қартайдық, қайғы ойладық» деген сөздерді Абай басқаша бір мән-мағынамен қолданады. Өсиетші, сыншы ұстаз болуға бекініп кіріскен ақын халықтың анық ағасы боп, ақылшының тұрғысынан сөйлемек болады. ...Үлкен санадан туған қатты ашу мен қызулы жалын екеуі де кәрілік нышаны емес», – дейді Мұхтар Әуезов.

Бұл сөз расында өзін кейінгі жастар алдында жауапкершілікті сезінуден туған шығар. Бұрынғының адамдары бір жас, екі жас үлкен болса да, үлкендігін көрсетіп, жол көрсетіп, жөн сілтеуге жақын болған. Ал Абайдікі мүлде басқа әлем. Айналасына өнерпаздарды жинап, өзі бір мектеп қалыптастырған данышпанның бұлай айтуға әбден хақы бар.

Әрі осы кезеңдерден бастап, Абайдың өлеңге қызу кіріскені байқалады. «Қуатты күшті нұрлы сөздері» осы жылдардан кейін жазылып жатты.

Абай осы қатар аталатын өлеңде де жастарға тоқталады. Кейінгі жастан алдыңғының бәрі шошиды. Абай осы арқылы жастыққа қызыға қарап тұрып, жастыққа жараспайтын бір мінезді айтады. Бір жақсының екі жағы болады деген рас қой. Жас адамға «терін сатпай, телміріп, көзін сатқаны» жараспайды. Теріңді сат, еңбектен, тер төк, маңдайыңнан суша ақсын. Сосын соның жемісін же.

Бұл Абайдың жастарды сынауы ғана емес, тағы сол жастықты бағалауы да. Өйткені бұл нағыз еңбек ететін, қайратты кез екенін мегзейді.

Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық,
Қартаймастай көрмелік, ойланалық.
Жастықта көкірек зор, уайым жоқ,
Дейміз бе ешнәрседен құр қалалық.

Бар ойы – өлең айтып, ән салалық,
Біреуді қалжың қылып қолға алалық.
Қызды ауылға қырындап үйір болса –
Көңіліне зор қуаныш бір бадалық.

Абайдың жасқа тынбай айтатыны осы – «Қартаймастай көрмелік...». Жас адам, қартаймастай жүріп, жастықтың қадірін түсінбейді һәм кәрілікті де менсінбейді. Жұмсамас дүниеге уақыт жұмсап, қайрат кетіреді.

Жас кезде көрер қызық көп. Бірақ қызықтың бәрі жастың таным түсінігіне байланысты. Біреуге ән қызық, біреуге өлең қызық. Енді біріне мал, тағы біріне ұрлық қызық. «Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме» дейтіні не сонда?

Бұл Абайдың жас үшін оқу, білім қуу маңызды екенін түсінген шақ. «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінде ақын жас жігіт өткізер уақыттың бағдарламасын жасайды. Әрі бұл – Абайдың критерийі.

Ер жігітке қойылар талап, ұсынар тәртіп бар. Абай ол тәртіппен өзі жүре алмады. Бірақ өзі жүре алмаған жолдың маңызды екенін түсінді.

Абайдай шынайы адам кем. Өзінің мінін жасырмайды, әрі менің мінім бар деп, өз дұрысын айтпай қоймайды. Ал жас адам міні барын білсе де, оны айтпайды ғой. Барынша «әсемсіп, сәнсіп, білгенсіп, бәлсіп» сөйлейді. Оным бірдеңе бүлдіріп жатыр-ау деп те ойламайды.

Өмірде қатып қалған формула жоқ. Қасаң қағида да ешбір адамды түземейді. Бірақ өмір сырын ұққан, өткелдерден аман шыққан, жүрегі терең әрбір ақыл иесі, парасат иесі кейінгіге жөнін айтады. Ал оны тыңдау, тыңдамау тағы данышпанның еркінен тыс.

Біз Абай айтқан сөзді оқырмыз, түйсінерміз, қабылдармыз. Я, керісінше, бұл да айтады-ау деп қол сілтерміз. Егер ақылымыз асып бара жатса... Бірақ ақын өз міндетін атқарады.

Дүние дидарын қанша адам көрсе, сонша тағдыр бар екен. Демек, жастық та сонша. Оны жүріп өткер әр пенденің де өз соқпағы болары анық. Бірақ өмір заңдылығы сол, әр данышпан өзінің қателігін біреу қайталамағанын қалайды. Адам өмірі жастықтан басталатындықтан, кез келгеніміз басымыздан өткеріп бағамыз. Бірақ қалай? Өзгеше, ерекше жағдайда өссек те, өмір тәлкегі өз талқысына салмай тұрмайды ғой. Абай соны түсіндіреді. Тым болмаса, жастықты түсінбей есейіп кетсең де, кейін жастықтың қадірлі екенін біл. Оны айт. Өзің айта алмасаң, Абай сөзімен айт.

...Керек іс бозбалаға – талаптылық,
Әр түрлі өнер, мінез, жақсықылық.
Кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп,
Сыртқа пысық келеді, сөзге сынық.

Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!
Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!

Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,
Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.
Біріңді бірің ғиззәт, құрмет етіс,
Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып.

Жолдастық, сұхбаттастық – бір үлкен іс,
Оның қадірін жетесіз адам білмес.
Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас,
Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес.

Абайдың сыны да, сыры да, насихаты да – осы. Жігіт адам кездесетін өмірлік ситуациялардың дені осы өлеңде жазылған. Ғадауат пен махаббаттан, достық пен қастықтан өткен ойшыл ескертпесі.

Игілік өмірдің басталған сәті қиын болса да, оны жан баласы сезбек емес. Ес біліп, етек жиған соң, жеке адам ретінде қалыптасқың келіп әрнеге басыңды бір ұрасың. Баба тіршіліктен бері келе жатқан қалыптасқан ырғақ сені өз әлдиіне салып, алып кете барады. Мәселе соған көнуде емес. Оған қала, қалама көндігесің ғой. Сен өзіңді қалай ұстайсың, әңгіме сонда.

«Артық жолдас таппадым татулықтан», – дейді Абай біраз жасқа келген соң. Ал сол татулық жас кезде бар еді. «Кімді көрсең, бәрі дос» кез сол енді қанша тілесең де, айналып соқпайтын жастық шақ емес пе?!

Бірақ жас адам құрмет, ғиззаттың не екенін қайдан ұқсын? Көңілге қарайтын жасқа жеткенше қанша адамның көңілін қалдырасың. Оның бір шыншылдығыңнан емес, ақылсыздығыңнан. Қай жерде не айту керектігін білмейтін жастың шоқ басуы.

Адамзат баласы ғұмыр кешіп келе жатқан жылдардың бәрінде жастық деген алабөтен кез бар. Соның бәрінде жастық туралы көзқарас өзгеріп тұрады. Адамзаттың әлеуметтенуіне байланысты тіршілік қалыбы да, тұрмысы да, санасы да оқыс бұрылып, оқыс өзгерген.

Абай өмір сүрген заман құбылып тұрды. Соған сәйкес халықтың көркем ойлау жүйесінде де өзгерістер болды. Осы сияқты адам жасы ұлғайған сайын қабылдауы өзгере бастайды. Байыптырақ, салмақтырақ, тереңірік ойланады. Ал ойшыл, екібастан.

Жастықтың оты, қайдасың,
Жүректі түртіп қозғамай?
Ғылымның біліп пайдасын,
Дүниенің көркін болжамай?

Адамның тауып айласын,
Кісілікті ойламай.
Қаруын көңіл сайласын,
Қолға ол түспес бойламай.

Махаббат, қызық кім көрер,
Оның да дәмін татпаса?
Біржола басты кім берер,
Жаныңа қайғы батпаса.

Ақында аңсар бар. Енді қайтып оралмайтын сәтті – мәңгілік аңсау. Бұл аңсар көңілден ешқашан кетпек емес. Қабылдарсыз, я қарсы боларсыз. Шіркінайлап жүрекке мызғымастай қонақтап алған сезімді енді орнынан қозғап бақ.

Абай білген өмір, жете таныған психология. Және адамдарды да меңгерген. Мінез бен жан болмысындағы айырмашылықты терең сезінетін ақын бәріне илана бермейді. Осыған дейін сенген нәрсесіне енді сенуден қалған. Бірақ сонымен қатар, ештеңені білмей, көрмей, солай жас боп жүре бергенге ештеңе жетпейді-ау деп ойлайды. Ол тағы мүмкін емес. Шыр айналған бумеранг сипатынан өмір жаңылып көрсін бе?!

Өмірді деталімен сезінген ақын адамды да да бүге-шігесіне дейін тануға тырысқан. Бұған әрбір ақынмын дегеннің түйсігі жете бермейді. Тыныштықта қасыңда адам көп болғанымен, бәрі бірдей жан ұшыра көмекке ынтызар боп тұрмайды. Бұлтсыз аспанның астына тіршілік иесі атаулы көп, бірақ қамсыз жүретініндей әдеткі күндер кім көп дос көп. Бірақ бәрі – қамсыз.

Ал «кім болысар басыңа іс туғанда?». Ондай уақытта жаныңнан табылар жан сирек. Бірақ шын адамгершіліктің көрінісі солардың бойында болмақ. Шынайы болудың қиындығы сонда. Өмірде шынайымын деп кез келген адам ойлауы мүмкін. Алайда ситуациялар туғанда қандай қалыпта боласың – шынайылығың сол.

Заманның соғар желіне қарай адам ешқашан ыңғайланы алмайды. Пенде ғұмыры әрқашан желдің өтінде. Жаратқан өлшеп берген ғұмырды қалауыңша сүргеніңменен, қалауыңша

Байланысты жаналықтар

«СЫРТЫН ТАНЫП ІС БІТПЕС, СЫРЫН КӨРМЕЙ...»-1

24.02.2020

Жарасқан жаратылысы

07.03.2021

Алаш идеясына кіндігімен байланған ер Қайым

03.12.2020

Кешегі  Оспан...

01.04.2020

Мұхтар Мағауин. ЖҰМАБЕК ТƏШЕНОВ

21.01.2021

«ТҮБІРІ ТЕРЕҢ СӨЗ АРТЫҚ, БІР БАЙҚАРСЫЗ...»

09.03.2020
MalimBlocks
«СЫРТЫН ТАНЫП ІС БІТПЕС, СЫРЫН КӨРМЕЙ...»-1

Жарасқан жаратылысы

Алаш идеясына кіндігімен байланған ер Қайым

Кешегі  Оспан...

Мұхтар Мағауин. ЖҰМАБЕК ТƏШЕНОВ

«ТҮБІРІ ТЕРЕҢ СӨЗ АРТЫҚ, БІР БАЙҚАРСЫЗ...»