Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Катонқарағай ауданының тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын баяндады, деп хабарлайды Malim.kz.
ШҚО әкімінің баспасөз қызметінінің мәліметінше, аудан дамуының негізгі бағыттарының бірі - туризм. Катонқарағай дербес халықаралық туристік бағыт ретінде дамуы тиіс.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ауданға 11,5 мыңға жуық турист келген. Туристік қызметтер көлемі екі есеге өсіп, 483,6 млн теңгені құрады. Бүгінде ауданда 1 289 орынға арналған 66 орналастыру нысаны жұмыс істейді.
Ауданда бірқатар ірі туристік жоба жүзеге асырылып келеді: "Верх-Катунь" пантоемханасын кеңейту - 400 млн теңге, Altay Resort жобасы - 2 млрд теңге, MuzTau экоқонақүйін дамыту - 200 млн теңге, Qaton Qaragai Resort&SPA кешенін кеңейту - 150 млн теңге. Сонымен қатар 120 нөмірге арналған, құны 8,8 млрд теңге болатын Wellness Resort кешенін салу жоспарланған. Нысанды 2028 жылы пайдалануға беру көзделіп отыр.
"Біздің міндетіміз - Катонқарағайды дербес халықаралық туристік бағыт ретінде қалыптастыру. Осында келген адам бірнеше сағатқа ғана соқпай, бірнеше күн аялдап, жергілікті бизнестің қызметтерін пайдаланып, қайта оралғысы келуі маңызды", - деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, жаңа әуежай Катонқарағайдың көлік қолжетімділігін арттыруы тиіс.
"Жаңа әуежайдың құрылысы - ауданның стратегиялық жобаларының бірі. Сонымен қатар Өскемен - Алтай - Үлкен Нарын - Катонқарағай - Рахман қайнарлары бағытындағы көлік жолын реконструкциялау жұмыстары жалғасуда. Жоба аясында туристік нысандарға апаратын жолдар мен Ақ Берел өзені арқылы өтетін көпір де қамтылған", - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс әкімі ірі жобаларды іске асырумен қатар көлік, инженерлік, санитарлық және туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын өзара үйлестіруді тапсырды.
Биыл ауданда 39 шақырымға жуық жол жөнделеді. Ауданның жалпы жол желісінің ұзындығы - 420 шақырым. Биыл 481 млн теңгеге жуық қаржыға 39 шақырымға дейінгі жолдар мен көшелерге орташа жөндеу жүргізілуде.
Жұмыстар Согорное - Барлық - Ақсу, Жаңа-Үлгі - Жамбыл - Берел бағыттарында, Коробиха ауылына кіреберіс жолда, сондай-ақ Катонқарағай мен Шыңғыстай ауылдарының көшелерінде жүргізілуде. Облыс әкімі жол жөндеу жұмыстарын сапалы орындау және белгіленген мерзімдерді сақтау міндетін қойды.
Ауданда 20 пәтерлік тұрғын үй салынады.
"Бірқабатты Шығыс" бағдарламасы аясында көпбалалы және әлеуметтік осал санаттағы отбасылар үшін 20 пәтерге арналған 10 бірқабатты үй салу жоспарланған. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша ауданда тұрғын үй кезегінде 260 адам тұр. Облыс әкімі үйлердің құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру міндетін қойды.
Ауыл шаруашылығы шикізат өндіруден оны өңдеуге көшуі тиіс. Сегіз айдың қорытындысы бойынша ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі шамамен 2 пайызға өсіп, 10,4 млрд теңгеге жетті. Ауданда 833 шаруа қожалығы жұмыс істейді.
Етті мал шаруашылығын және өнімді қайта өңдеуді дамытуға ерекше назар аударылуда. Қазір 300 басқа арналған бордақылау алаңы салынып жатыр. Аршаты ауылында 236 бас асыл тұқымды ұрғашы мал сатып алынды. «Игілік» бағдарламасы аясында 500 бас асыл тұқымды марал сатып алу жоспарланған.
Ауданда омарта шаруашылығы да дамып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Катонқарағай ауданы облыста бал өндіру көлемі бойынша екінші орынға ие болды. Мұнда 588 тоннаға жуық бал өндірілген.
"Мен үнемі: жемшөп базасы - мал шаруашылығы - қайта өңдеу - өткізу біртұтас тізбегі жұмыс істеуі керектігін айтып келемін. Қосылған құн мен жұмыс орындары ауданда қалуы тиіс", - деді облыс әкімі.
Бүгінде ауданның меншікті кірістерінің жартысынан астамын бизнес қамтамасыз етеді. Катонқарағай ауданының биылғы бюджеті 10,5 млрд теңгені құрайды.