Ғылым апталығы аясында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-де XI Халықаралық конференция өтті. "Жастар шығармашылығы – Қазақстанның инновациялық дамуына" атты конференцияға студенттер, магистранттар, докторанттар және жас зерттеушілер қатысты. Шараның мақсаты – жас ғалымдарды жан-жақты қолдау, олардың әлеуетін дамыту, білім мен тәжірибе алмасу, кәсіби байланыстар орнату.
"Сіздерді Ғылым күнімен құттықтаймын және сәтті, шығармашылыққа толы Ғылым апталығын тілеймін! Шығыс Қазақстан облысы – еліміздегі ең инновациялық аймақтардың бірі. Біздің ғалымдар келешегі зор бағыттарды дамытып, жаңа материалдар мен технологияларды жасап жатыр. Олар студенттер мен жас әріптестерін зерттеу жобаларына белсенді тартып жатыр, әрі өңір мен елдің дамуына зор үлес қосып келеді", – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, ШҚТУ ғалымдары қазір аддитивті өндіріс, материалдарды өңдеудегі инновациялар, геоақпараттық жүйелер және басқа да көптеген салалардың жобаларын іске асыруда. Конференция барысында осы жобалардың кейбірі таныстырылды.
"Мен жас ғалым ретінде Ғылым апталығына белсенді қатысып келемін. Менің жобам "Шиберлі ысырма түйіспелі беттерінің тозуға төзімділігін арттыру" деп аталады. Жобамның негізі – әртүрлі дәнекерлеу материалдарын қолдану", – деді қауымдастырылған профессор, PhD докторы Риза Ғабдысалық.
"Мен республикалық байқауда жеңімпаз атанып, өз жұмысымды постдокторантурада жалғастыру үшін мемлекеттік қаржыландыруға ие болдым", – деді жас ғалым.
Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры Сауле Рахметуллина ғалымдарды қолдау шараларына гранттық қаржыландырумен қатар, мемлекет тарапынан берілетін тегін тұрғын үй, жеңілдетілген ипотека және шетелдік әріптестермен байланыс орнатуға мүмкіндік беретін ғылыми тағылымдамалар да кіретінін атап өтті.
Фото: ШҚО әкімі ұсынған сурет