Malim.kz
Оқиға

ШҚО-да аю 58 жастағы ер адамға шабуыл жасады

Арман Қайыпхан
Фото: pixabay

Шығыс Қазақстан облысында аю омартада жұмыс істеп жүрген 58 жастағы ер адамға шабуыл жасады. Зардап шегуші ауыр жарақат алып, бірнеше күн жансақтау бөлімінде емделді, деп хабарлайды Malim.kz.

Yk-news.kz мәліметінше, оқиға шілде айының соңында Риддер қаласы маңында, Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығына жақын орналасқан демалыс базасының жанында болған.

Куәгерлердің айтуынша, аю кенеттен ер адамға тап берген. Жақын маңда болған екі ер адам оған жыртқыштан қорғануға көмектескен. Осыдан кейін аю оқиға орнынан қашып кеткен.

Зардап шегуші ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оның басы, қолы мен аяғынан көптеген жарақат алғанын, сондай-ақ қолы мен аяғының сүйектері сынғанын анықтаған.

Ер адам бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатып, кейін травматология бөліміне ауыстырылды. 19 тамызда ауруханадан шығарылып, қазір үйінде ем қабылдап жатыр.

«Оқиғадан кейін бірден инспекторларымыз қаруларымен бірге оқиға орнына барды. Аю атып өлтірілді, қазір ол жерде қауіп жоқ. Аюдың адамға шабуыл жасауына нақты не себеп болғанын айта алмаймын», – деді орман және аңшылық шаруашылығы жедел әрекет ету жасағы басшысының орынбасары Сергей Карманников.

Оның айтуынша, биыл ШҚО-да аюлардың елді мекендер мен адамдарға жақын аумақтарға шығу жағдайлары жиілеген. Мамандар мұны, соның ішінде, үсік пен құрғақшылық салдарынан жидек пен самырсын жаңғағы өнімінің төмендеуімен байланыстырады.

Азық іздеген жабайы жануарлар қоқыс орындарына, қараусыз қалған саяжайлар мен бақшаларға жақындауы мүмкін.

Карманниковтің сөзінше, бұл – оның осы саладағы қызметі кезінде өңірде аюдың адамға шабуыл жасағаны туралы белгілі болған алғашқы жағдай.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары