Шығыс Қазақстан облысында аю адамға шабуыл жасап, 58 жастағы ер адамды ауыр жарақаттады. Зардап шеккен азамат бірнеше күн жансақтау бөлімінде емделген. Қазір ол үйінде ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды YK-news.kz басылымына сілтеме жасаған Malim.kz.
Оқиға шілде айының соңында Риддер қаласының маңында, Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығына жақын орналасқан демалыс базасының жанында болған. Ер адам омартада жұмыс істеп жүрген кезде аю шабуыл жасаған.
Онымен бірге болған екі азамат жыртқыштан қорғануға көмектескен. Соның нәтижесінде аю оқиға орнынан қашып кеткен. Бұл жағдай ер адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген.
Зардап шеккен азамат бірнеше күн жансақтау бөлімінде, кейін травматология бөлімінде емделді. Дәрігерлер оның басы, қолы мен аяғынан көптеген жарақат анықтаған. Сонымен қатар қолы мен аяғында ығысумен асқынған ашық сынықтар болған.
19 тамызда ер адам ауруханадан шығарылып, үйіне жіберілді. Қазір емін тұрғылықты жерінде жалғастырып жатыр.
Оқиғадан кейін мамандар аюды іздеп, жыртқыштың көзін жойған.
«Оқиғадан кейін инспекторларымыз қару алып, оқиға орнына барды. Аюдың көзі жойылды, қазір бұл аумақта қауіп жоқ. Оның адамға нақты не себепті шабуыл жасағанын айта алмаймын», – деді орман және аңшылық шаруашылығы жедел әрекет ету жасағы бастығының орынбасары Сергей Карманников.
Маманның айтуынша, биыл Шығыс Қазақстанда аюларға қатысты тұрғындардан түскен шағым саны артқан. Инспекторлар шақырту бойынша оқиға орнына барып, жыртқыштарды адамдардан аулақ ұстауға тырысады. Алайда адам өміріне нақты қауіп төнген жағдайда аюды атуға тура келеді.
Сергей Карманниковтің сөзінше, бұған дейін аюлардың малға шабуыл жасаған жағдайлары тіркелген. Сондай-ақ адамдардың жыртқыштарға жақын жерден кездейсоқ тап болған кездері де болған. Дегенмен оның тәжірибесінде бұл – аюдың адамға жасаған алғашқы шабуылы.
Маман ШҚО-да аю санының көбейгенін де атап өтті. Өткен жылы инспекторлар ұрғашы аюлардың көп төлдегенін байқаған. Кейбірі екі-үш қонжықтан дүниеге әкелген.
Сонымен қатар соңғы екі жылда ормандағы табиғи қорек азайған. Аяз бен қуаңшылық салдарынан жидек пен балқарағай жаңғағы азайып кеткен. Мамандар аюлардың елді мекендерге жақындауына осы жағдай себеп болуы мүмкін деп есептейді.
Қазір жыртқыштар қорек іздеп қоқыс орындарына, қараусыз қалған саяжайлар мен бақшаларға жиі шығып жүр.