Malim.kz
Құқық

СҚО-да бухгалтер 17 млн теңге жымқырған

Айбын Атабай
pixabay.com

Солтүстік Қазақстан облысында Мағжан Жұмабаев ауданы Жастар ресурстық орталығы бухгалтерінің бюджет қаражатын иемдену фактісі анықталып, ол сот үкімімен жазаланды, деп хабарлайды Malim.kz.

Прокуратура органдары бюджет қаражатын жұмсау саласындағы заңдылықтың сақталуын тұрақты түрде қадағалап отырады. Тексеру барысында орталықтың бухгалтері 2020 жылдың қаңтарынан 2025 жылдың ақпанына дейінгі аралықта өз шотына жалпы сомасы 17 млн теңге болатын жалақы және өзге төлемдерді заңсыз аударғаны белгілі болды.

Бұл дерек бойынша 2025 жылғы 27 наурызда аудан прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша (сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе жымқыру) сотқа дейінгі тергеуді бастаған.

- Мағжан Жұмабаев аудандық сотының 2025 жылғы 29 қыркүйектегі үкімімен есепші кінәлі деп танылып, барлық меншік нысанындағы ұйымдарда материалдық жауапкершілік пен бухгалтерлік қызметке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді, - деп жазды бақылаушы органнан.

ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабына сәйкес, сотталған әйелдің жас баласы болғандықтан, жазаны өтеу мерзімі 2028 жылдың 27 қыркүйегіне, яғни бала он төрт жасқа толғанға дейін кейінге қалдырылды.

Мемлекетке келтірілген залал ішінара өтелген.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары