Malim.kz
Құқық

СҚО-да шетелдіктерге жалған құжат дайындағандар ұсталды

Айбын Атабай
СҚО ПД

Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері шетелдіктерге жалған құжаттар дайындап, олардың елде заңсыз жұмыс істеуіне көмектескен топтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Malim.kz.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілер облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы қызметкерлері Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің СҚО бойынша департаменті мамандарымен бірлесіп жүргізген жедел іс-шара барысында ұсталды.

Петропавлда екі ер адам шетел азаматтарына Қазақстан аумағында уақытша тұруға құқық беретін жалған рұқсат құжаттарды рәсімдеп отырған. Оларды тінту кезінде компьютерлік техника, электрондық ақпарат тасымалдағыштар және түрлі құжаттардың бланкілері табылып, тәркіленді.

Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары бұл топтың қызметін пайдаланған 70-тен астам шетел азаматын анықтады. Олар Қазақстанда заңсыз жұмысқа орналасу үшін күдіктілердің көмегіне жүгінген.

Сонымен қатар Астанада осы қылмыстық іске қатысы бар тағы бір адам анықталды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті шетел азаматтарына қажетті медициналық анықтамаларды алуға көмектесіп, олардың Қазақстан Республикасында болуын заңдастыруға арналған құжаттарды рәсімдеуге қатысқан.

Бұл факті облыс аумағында өткізіліп жатқан «Нелегал» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде анықталды. 


 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары